«Инені сабақтай алатын әйелдің қолынан іс келеді»

Сауран ауданында іскер әйелдер кеңесі 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде кеңестің қолдауымен аудан аумағындағы қыз-келіншектер өз кәсіптерін бастап, бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Орайы келгенде аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанар Пернеханды әңгімеге тартып, сұхбаттасқан болатынбыз.

— Жанар ханым әңгімемізді бастасам бұрын, алдымен өзіңізбен жақынырақ танысып алсақ…

— Мен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқып, «бюджет және аудит» мамандығын меңгеріп шыққанмын. Одан кейін Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінде де оқыдым. Дегенмен, өз мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Өзім бала күннен тігінге қызығамын. Тұрмыс құрып, бала сүйгеннен кейін үйде бос қарап отырмайын деп қызыма көйлек тіктім. Кейіннен өзіме де әртүрлі сән үлгісіндегі киімдерді тігетін болдым. Мұны көрген құрбыларым өздеріне тапсырыс беріп, осылайша мен хоббиімді кәсіпке айналдырдым.

Аллаға шүкір, қазір өзімнің тігін цехым бар. Онда жиырма шақты тігінді жұмыс істеуде. Тігіншілерді екі топқа бөлгенмін. Бірінші топтағылар ұлттық киімдерді тігетін болса, екінші топтағылар құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейтін құтқарушылардың киімдерін тігеді.

Жолдасым екеуміз үш ұл мен бір қыз баланы тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз. Болашақта кәсібін ары қарай дамытып, еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам деймін.

Жалпы әрбір әйел еліміздің дамуына өз үлесін қоса алады деп білемін. Мен көбіне декреттік демалыста бала күтімімен отырған аналарға көмек беруге тырысамын. Оларға үйде отырып-ақ табыс табуға болады. Қолдау сұрап келгендерге алдын ала ойылып, дайындалған оюларды моншақпен көркемдеп тігіп бізге әкеп өткізуге болатынын айтамын. Ине сабақтай білетін әрбір әйелді жұмыс істей алады деуге болады.

— Дұрыс айтамыз, қоғамымызда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Жаңа жобалалар қолға алынуда. Соның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің мақсаты мен міндеті қандай?  Сол туралы айтыңызшы…

— Біздің өңірімізде кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Олардың өз кезегінде жас кәсіпкер қыз-келіншектерге берері көп екені сөзсіз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнесте әйелдердің саны артып келеді. Сондықтан, іскер әйелдер кеңесі қазақтың қыз-келіншектерінің қоғамның сан саласында белсенді болып, олардың бастамаларына қолдау көрсетуді көздейді.

Жалпы еліміздегі іскер әйелдер кеңесі «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған. Бүгінде өңірлік палаталардың да жанында өңірлік іскер әйелдер кеңестері жұмыс істейді.  Кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы болып саналады және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық палата Жарғысына, осы Ережеге және Ұлттық палатаның басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады. Кеңес қабылданатын шешім үшін жариялық, ерікті және Кеңес мүшелерінің тең жауапкершілігі қағидасымен жұмыс істейді. Кеңес құрамы Ұлттық палата Басқарма Төрағасының бұйрығымен бекітіледі. Төрайым мен Кеңес мүшелері өз қызметін тегін негізде жүзеге асырады. Кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), Ұлттық палатаның мүшелері мен басшылық қызметкерлер, түрлі саласы бойынша сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады. Кеңес құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Жалпы аталмыш кеңес Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері: Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту; Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру; Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру; Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау; Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу; Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу; Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу; Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады.

Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін өзінің құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін келісімшарттық негізде тиісті саланың мамандары мен сарапшыларын тартуға; бекітілген заңнама және Ұлттық палатаң ішкі құжаттарының тәртібінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы.

— Ауданда өзіңіз секілді кәсіп бастап, үлкен жетістікке жетіп жүрген қыз-келіншектерді атай кетсеңіз…

 — Ауданда өздерінің сүйікті істерімен айналысып, белестерді бағындырып жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Солардың бірі ретінде Ділнәз Омарованы айтуға болады. Ол Қарашық ауылында тұрады. Аядай ауылдан кәсіп бастаған Ділнәз ханым бүгінде гүлдерін еліміздің ірі қалалары мен бірнеше облысына жөнелтіп отырған ірі кәсіпкерге айналған. Бүгінде оның бірнеше жылыжайы бар. Үйінің ауласындағы жылыжай 27 соттық жерге орналастырылған. Онда бүгінде бөлме гүлінің 100-ден астам түрі декоративті өсімдіктер өсірілуде. Ділнәз ханым бұдан бөлек 50 соттық жерді жалға алып, онда жылыжай салып, кәсібін ары қарай кеңейтуді қолға алған болатын. Онда бүгінде раушан гүлінің бірнеше түрі жайқалып өсіп келеді. Ділнәз ханым қазір өңіріміздегі колледждерде студенттерге сабақ беріп, өзінің жылыжайында тәжірибесімен бөлісуде.

Бұл үлкен жетістік. Аудандағы кәсіп бастаған әрбір әйел болашақта осындай жетістіктерге жетеді деп сенемін. Осы мақсатта бүгінде аудан аумағында кездесулер ұйымдастырып, іскер әйелдердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына жағдай жасаудамыз.

— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет! Кәсібіңіз дөңгелеп, алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз.  

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *