Ұялыжарда келіндер сайысы өтті

Қыз бала бой жетіп, ақ босағадан аттап, бір үйдің, бір әулеттің келіні атануы – өмірдің заңы. Ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта алған қызбала сол әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктетіп, ауыл-аймаққа қадірлі болады. Қазақ келіні қашан да отбасындағы ауызбіршіліктің ұйытқысы болған. Жақында Ордабасы ауданына қарасты Ұялыжар ауылдық мәдениет үйінде «Ауыл ажары — келіндер» атты келіндер байқауы өтті. Маңызы зор іс-шара ауданның және Бөржар селолық кеңесінің 60 жылдық мерей тойына арналды.

Жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету мақсатында ауыл округі әкімі, мәдениет саласы қызметкерлері, ауылдық әйелдер кеңесі, өзге де қоғамдық ұйымдар болып, 60 жасқа толған азаматтарының демеушілігімен өткен іс-шараға ауыл тұрғындары көптеп жиналды.

Іс-шара ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы С.Абулдаеваның орындауына «60 жас» әнімен бастау алды. Келіндер байқауына 7 келін қатысып, бақ сынасты. Сайыс шарты «Сәлем — сөздің анасы», «Ойлы болсаң, озып көр», «Өнерлі келін -сүйкімді», «Саусағынан бал тамған келіндер-ай!» төрт бөлімнен тұрды.

Үміткерлер сайыс шарттары бойынша алдымен көпшілікке туған жерін, әулетін өлең шумақтарымен таныстырды. Одан кейін мақал-мәтел айтудан сынға түсіп, қазылар алқасының қойған сұрақтарына жауап берді. Жалпы іс-шарада ата-бабамыздан мұраға қалған салт-дәстүріміздің барлық түрі көрініс тапты деуге болады. Қатысушылар сәбиді бесікке бөлеудің артықшылықтары жайлы әңгімелеп, бесік жырын шырқады. Олар осы сайыста өздерінің бесаспап екендіктерін көрсетуге тырысты. Үйлерінен пісіріп алып келген бауырсақтарын келген қонақтарға ұсынып, ұлттық тағамдардың жасалу жолдарымен таныстырды.

Ұлттық салт-дәстүріміздің, әдеп-ғұрпымыздың мәңгілік жалғастырушы  болған келіндер сайысы осылай өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *