Балалар игілігі – басты басымдық: Төлеби ауданында жаңа жазғы лагерь ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балалардың денсаулығын сақтау, олардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуын қамтамасыз етуді ел дамуындағы басым бағыттардың бірі ретінде атап келеді. «Бала – баға жетпес байлығымыз» деп ерекше мән берген Президент бастамалары Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асуда. Соның нақты дәлелі ретінде биыл жазда Төлеби ауданында балаларға арналған жаңа модульді лагерьдің ашылуын айтуға болады.
Жаңадан салынған және пайдалануға берілген 14 модульді нысан жаз бойы 2 мыңнан астам оқушыны қабылдайды деп жоспарланып отыр. Бұл – облыстағы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруда жасалған маңызды қадам. Лагерь заманауи талаптарға толықтай сай: әр модульді нысанда 20 баладан тұратын жатын орындар бар, жаңа жиһаздармен жабдықталған. Сонымен қатар, асхана, бассейн, бөлек санитарлық тораптар, шатырлар мен демалыс алаңдары балалар үшін арнайы қарастырылған. Мұндағы демалыс тек ойын-сауықпен шектелмейді. Жазғы лагерьлер – шығармашылық қабілеттерді ашатын, жаңа достар табуға, отансүйгіштікке, салауатты өмір салтына баулитын орта. Балалар интеллектуалдық сайыстарға, спорттық жарыстарға, мәдени іс-шараларға қатысып, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында балалардың қауіпсіз ортасын құруды ерекше атап өтіп, өңірлік әкімдіктерге нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жауапты басқармалар мен жергілікті билік бірлесіп, жазғы сауықтыру жұмыстарына кешенді қолдау көрсетіп отыр. Түркістан өңірінде биыл 43 мыңнан астам бала жазғы демалыс лагерлерінде тынығуда. Олардың ішінде 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, 300 мыңнан аса оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсияларға, танымдық шараларға қамтылған.
Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан Балалар жылы, Ұлттық жоба аясындағы «Жайлы мектеп», «Ауылды өркендету», «Салауатты ұрпақ» секілді бағдарламалар облыстық деңгейде нақты іспен жалғасып жатыр. Ел болашағы – сапалы білім алып, қауіпсіз әрі мазмұнды ортада тәрбиеленген жас ұрпақ екені сөзсіз. Сондықтан да балалардың жазғы тынығуын тиімді ұйымдастыру – қоғам алдындағы маңызды әлеуметтік жауапкершілік. Төлеби ауданындағы жаңа модульді лагерь – осы жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Мұнда балалар тек демалып қана қоймай, жаңа қабілеттерін дамытып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Олар үшін бұл жаз – ұмытылмас әсер мен өмірлік сабақтарға толы болмақ.
Мемлекет басшысының балаларға арналған барлық бастамалары елдің болашағына салынған инвестиция ретінде қарастырылып отыр. Ал оны өңірлік деңгейде сапалы жүзеге асыру – жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, әкімдіктер мен жауапты құрылымдардың өзара үйлесімді жұмысының нәтижесі.
