Жолдау жүктеген міндет: Түлкібаста ірі инвестициялық жоба аясында жаңа өндіріс орны ашылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлемдік деңгейде инвестиция тарту үшін бәсеке күшейіп тұрғанын атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін төмендетіп алмау үшін бұл бағыттағы жұмысты күшейту – Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кейбір әкімдер мен министрлердің инвестор тарту ісіне жеткілікті деңгейде атсалыспай отырғанына назар аударып, бұл мәселеде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтқан-ды.
Президент Жолдауында аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту аса маңызды екені де ерекше атап өтілді. Өйткені, өндіріс – экономиканың қозғаушы күші, ал инвестиция – сол өндірістің негізгі тірегі. Осы тұрғыдан алғанда отандық және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау, оларды қолдау жергілікті атқарушы органдардың күн тәртібіндегі басты басымдықтардың бірі болып табылады.
Бүгінде Түлкібас ауданында нақты жұмыстар қолға алынуда. Жақында аудан әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының «Цзинь Чэн Цзяе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында екіжақты келіссөздер өтті. Аталған кездесуге аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары, сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары қатысты.
Келіссөздер барысында қытайлық компанияның Түлкібас ауданында темір және құрылыс арматурасын өндіретін ірі кәсіпорын ашу жоспары жан-жақты талқыланды. «Цзинь Чэн Цзяе» ЖШС-і – өз саласында тәжірибесі мол, өндірістік әлеуеті жоғары компаниялардың бірі. Компания негізінен құрылыс арматурасы, бұрыштық темір (уголок), швеллер, ыстық мырыштау өнімдері, биік қоршау панельдері, фотоэлектрлік бағаналар және өзге де құрылысқа қажетті өнімдерді өндірумен айналысады.
Ұсынылып отырған инвестициялық жобаның жалпы құны 7,9 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс барысында негізгі шикізат ретінде металл сынықтары, яғни металлолом пайдаланылмақ. Бұл өз кезегінде қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық тиімділікті арттырып, ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қытайлық инвесторлар экологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беретіндерін атап өтті. Компания өкілдерінің айтуынша, өндіріс процесінде заманауи, экологияға зиян келтірмейтін технологиялар қолданылып, барлық экологиялық талаптар қатаң сақталатын болады.
Аудан басшылығы тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды. Атап айтқанда, өндіріс орнын салу үшін қолайлы жер телімі ұсынылып, қажетті инфрақұрылыммен – электр энергиясы, табиғи газ, жол және басқа да коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселелері толықтай қолдау табатыны жеткізілді.
Егер келіссөздер өз нәтижесін беріп, жоба сәтті жүзеге асатын болса, Түлкібас ауданы үшін бұл үлкен серпіліс болмақ. Біріншіден, аудан аумағында жаңа өндіріс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Екіншіден, аудан бюджетіне салық түсімдері артып, әлеуметтік саланың дамуына қосымша мүмкіндік туады. Үшіншіден, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті артып, экономикалық белсенділік күшейеді.
