«Ауыл – ел бесігі»: Мақтааралда 2 мектеп пен 4 медициналық мекеме бой көтерді
Мақтаарал ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және тұрғын үй салаларындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. 2025 жылдың есепті 7 айының қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 78,1 пайызға артқан. 18270 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл саладағы өсім 11,2 пайызды көрсетті.
Мырзакент кентінде орталық саябақты қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Облыстық бюджет есебінен жүргізіліп жатқан жоба 2025 жылдың қазан айында толық аяқталмақ. Жоба аясында балалар алаңдары, аттракциондар, концерттерге арналған ашық алаңдар, субұрқақтар, жасанды көлшіктер және автотұрақ бой көтереді. Бұл тұрғындардың демалуына, балалардың белсенді уақыт өткізуіне және мәдени шаралар өткізуге қолайлы орта қалыптастырады.
Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. 1,5 миллиард теңге бөлініп, 48 бір қабатты, 2 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары «Building Group-1» ЖШС-і тарапынан жүзеге асырылып жатыр.
Ауданда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бірнеше білім беру нысандары пайдалануға берілді. Айталық, Бірлік ауылдық округіндегі Еркінабад және Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық 2 мектеп есігін ашты. А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елді мекенінде 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдай бастады. Атакент кентіндегі 1500 орындық мектеп те жақын күндері пайдалануға берілмек.
Мемлекет басшысы ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жайлы: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды», – деген болатын.
Одан бөлек, ағымдағы жылы 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл да білім сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ауыл медицинасын дамытуға, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған Ұлттық жоба қолға алынатынын айтқан болатын. Бүгінде өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 медициналық нысанның құрылысы басталды. Олардың қатарында Мырзакент аудандық ауруханасына қарасты «Қарақыр», «Ырысты», «Өнімкер ФАП-тары», Атакент аудандық ауруханасына қарасты «Көк Арал ФАП-ы». Аталған нысандардың барлығы 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде: «Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар», — деген болатын.
Биыл Мақтаарал ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1,1 млрд теңгеге 2 жоба жүзеге асырылуда. Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде және Достық ауылдық округі, Ж.Қалшораев елді мекенінде мәдениет үйі мен кітапхана салынуда. Бұл нысандар қазан айында ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар, А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елді мекеніндегі мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаға 332 млн теңге бөлініп, нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Мақтаарал ауданында салынып жатқан жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет нысандары мен тұрғын үйлер елді мекендердің жаңғыруын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға зор үлес қосуда.
