Жолдау жүктеген міндет: Сайрам ауданында 11 инфрақұрылым нысанына инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлеуметтік әділеттіліктің ең басты көрсеткіші – елді мекендерде өмір сүру сапасы. Ауыл мен қала тұрғындары инфрақұрылымдық жағынан тең жағдайға ие болуы керек. Бұл – мемлекеттің тікелей міндеті» – деп атап көрсетті. Осыған орай Сайрам ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Биылғы жылы аудан көлемінде инфрақұрылым саласында жүйелі жұмыстар атқарылып, 11 инфрақұрылым нысанына инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Жалпы көлемі 245 гектар жер аумағын қамтитын бұл жобалар халық игілігіне бағытталған. Атап айтқанда, Қарасу ауылында – 163,2 гектар, Қосбұлақта – 24,8 гектар, М.Оразалиев ауылында – 10,06 гектар, ал Әсіларық елді мекенінде – 47 гектар жер телімінде инфрақұрылым желілері жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар негізінен тұрғын үй құрылысына арналған аумақтарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде Сайрам ауданы халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсу қарқыны жоғары өңірлердің бірі. Осыны ескерген аудан әкімдігі мен тиісті салалық құрылымдар тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау мақсатында инфрақұрылым желілерін кезең-кезеңімен дамытуда.
Инфрақұрылымның ең маңызды бөлігі – таза ауыз сумен қамту. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше тоқталып: «Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің тікелей жауапкершілігі. Әлі күнге дейін кейбір ауылдарда ауыз суға қатысты мәселенің шешілмеуі – бұл салғырттықтың белгісі» – деген болатын. Бұл тапсырма Сайрам ауданында нақты іс-шаралармен іске асуда.
Ағымдағы жылы 315,2 миллион теңге бөлініп, жеті бірдей елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауылдар – Ақсу, Сарыарық, Таскешу, Құтарыс, Оймауыт, Ынтымақ және Ақсуабад елді мекендері. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мыңдаған тұрғын сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, ауыз су жүйелерінің құрылысын жаңадан жүргізу жұмыстары да қатар атқарылуда. Қазіргі таңда Қарабұлақ ауылында, сондай-ақ Қожақорған және Нұржанқорған ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар аяқталған соң, ауданның ауыз сумен қамту көрсеткіші жаңа деңгейге көтеріледі.
Айта кетерлік жайт, бұл жұмыстар тек бүгінгі күннің мәселесін шешумен ғана шектелмейді. Олар Сайрам ауданының келешек дамуына, тұрғын үй құрылысын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ұзақ мерзімді серпін беретін бастамалар.
Президент Тоқаев Жолдауда инфрақұрылымдық дамудың маңыздылығын баса айтып: «Бүгінгі таңда инфрақұрылым – жай ғана желі емес, бұл – азаматтардың өмір сүру сапасын анықтайтын шешуші фактор. Біз елді мекендерді дамытқанда, ең алдымен, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуды көздеуіміз керек» – деген болатын. Бұл тапсырмалар бүгінде Сайрам ауданындағы ауқымды жобалар арқылы нақты жүзеге асуда.
Қорыта айтқанда, Сайрам ауданында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалар, яғни әрбір тартылған су құбыры, әр салынған жол немесе тартылған желі аудан халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осындай жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тапса, Сайрам ауданының алдағы жылдары Түркістан өңіріндегі үлгілі аудандардың біріне айналатыны сөзсіз.
