Кентауда өндіріс қарқыны артып келеді
Өткен жыл Кентау қаласы үшін әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан алып қарағанда серпінді кезең болды. Қаланың тұрақты дамуына бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етіліп, нақты секторда да, бюджет саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.
Жыл қорытындысы бойынша қаланың жалпы өнім көлемі 101,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 117,5 пайызға артты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 86,6 млрд теңге болған еді. Демек, бір жылдың ішінде өндіріс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң динамика жалпы экономикалық әлеуеттің артуына тікелей әсер етті. Бұл өсім қала экономикасының әртараптанып, ішкі резервтердің тиімді пайдаланылып жатқанын аңғартады.
Қалалық бюджет кірістерінің орындалуы да жоспарлы межеден асты. Жыл басында 19,9 млрд теңге болып бекітілген жоспар 20,2 млрд теңгеге орындалып, бюджетке қосымша 262,6 млн теңге артық түсті. Сонымен қатар, жеке табыстар көлемі де 4,8 млрд теңгеге жетіп, жоспарланған 4,5 млрд теңгеден жоғары орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда жеке кірістер 105,8 пайызға өсіп, халықтың табыс деңгейінің тұрақты артып келе жатқанын дәлелдеді.
Инвестициялық ахуал да айтарлықтай жақсарды. 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33,8 млрд теңгені құрап, жоспарланған 31,5 млрд теңгеден асты. Нақты өсім 112,4 пайызды құрады. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 7,4 млрд теңге игерілсе, жеке инвестициялар көлемі 26,3 млрд теңгеге жетті. Айта кетерлігі, 2024 жылы жеке қаражат есебінен тартылған инвестиция 14,5 млрд теңге болған. Яғни, бір жылдың ішінде жеке сектор салымдары айтарлықтай ұлғайып, қала экономикасына инвесторлар сенімінің артқанын байқатты.
Өнеркәсіп саласы да қарқынды дамыды. 2025 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 59,0 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылғы 51,2 млрд теңгемен салыстырғанда 7,8 млрд теңгеге артты. Нақты көлем индексі 109,3 пайызды құрап, жоспарланған 106 пайыздан жоғары деңгейде орындалды. Мұндай деңгейге өндіріс орындарының қуаттылығы артып, жаңа жобалардың іске қосылуы және қолданыстағы кәсіпорындардың өнім көлемін ұлғайтуы нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалады. 2025 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 14,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылғы 12,4 млрд теңгемен салыстырғанда өсім көрсетті. Нақты көлем индексі 100,5 пайызға жетті. Оның ішінде егін шаруашылығы 8,9 млрд теңге көлемінде өнім өндіріп, нақты көлем индексі 96,2 пайызды құрады. Мал шаруашылығы саласында 5,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 107,7 пайызға жетті. Бұл өнімділікті арттыру мен асыл тұқымды мал басын көбейтуге бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Мал шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу арқылы нақты өндірістік жобалар іске қосылды. Етті бағыттағы заманауи өндірісті жолға қойған «KazRealMeat» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы мен мал сою цехы пайдалануға беріліп, 10 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын 2027 жылға дейін мал басын 5 мыңға жеткізуді жоспарлауда. Бұл жоба өңірдің ет өндірісін ұлғайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін арттыруға да негіз болады.
Жалпы Кентау қаласында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған жобалар биылғы жылы да жалғасын тауып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді деп сенеміз.
