Кентау қаласында 33 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізіледі
Кентау қаласында тұрғын үй саласы да қарқынды дамып келеді. Қала мен оған қарасты ауылдарда көпқабатты тұрғын үйлер саны 358-ге жетіп, оның 324-і қалалық аумақта, 34-і ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіліп, 304 үй жөндеуден өтіп, жаңартылған, яғни жалпы тұрғын үй қорындағы жөндеуден өткен үйлердің үлесі 85 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш тұрғындардың жайлы және сапалы баспанаға қол жеткізу деңгейін айқын көрсетеді.
Айта кетейік, тұрғындардың әлеуметтік өмір сапасын арттыру мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында өткен жылы 8 көпқабатты тұрғын үй ауласында спорттық және ойын алаңшалары орнатылды. Ал, 2024 жылы осындай алаңшалар тек 4 аулаға салынған болатын. Ағымдағы жылы жобаны одан әрі дамыту жоспарланып, 11 аулаға ойын алаңшалары орнатылып, Яссауи аллеясын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, Кентау қаласында 33 аула абаттандыруға алынатын болады. Бұл жұмыстарға аула ішілік жолдарды жөндеу, ойын және спорт алаңшаларын орнату, демалыс орындарын ұйымдастыру кіреді. Аталған жобалар ағымдағы жылдың наурыз айында басталатын болады.
Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы Уалиханов көшесі №150 мекен-жайында 5 қабатты, 60 пәтерлі әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, жеке мердігер есебінен 3 қабатты, 30 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы аяқталды. Бұл пәтерлер «Отбасы банк» салымшыларына сатылып, тұрғындардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.
Түйіндей келгенде, Кентауда көпқабатты үйлерді жаңғырту, аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, жаңа әлеуметтік тұрғын үйлерді салу бағытындағы шаралар қаланың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың тұрмыс сапасын айтарлықтай көтеруге мүмкіндік беруде. Бұл жұмыстар қаладағы әлеуметтік саясаттың жүйелі жүргізіліп, тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және заманауи орта қалыптастыруға бағытталған.
