Кентау қаласында инженерлік инфрақұрылымын жүйесі дамуда
Кентау қаласында инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде жүзеге асырылып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етуде.
Айталық, табиғи газбен қамту көрсеткіші жыл қорытындысымен 16 954 абонентке жетіп, бұл жалпы тұтынушылардың 94 пайызын құрады. Нәтижесінде, Кентау қаласына қарасты Байылдыр, Хантағы және Шоқтас елді мекендері толықтай табиғи газ жүйесіне қосылды. Қазіргі таңда Қарнақ ауылына газ құбырын жүргізу жұмыстары жалғасуда. Аталған жобаның жалпы құны 4 670,1 млн теңгені құрайды. 2024 жылы оған 100,1 млн теңге бөлінсе, 2025 жылы 1 100,0 млн теңге, 2026 жылы 1 446,3 млн теңге қарастырылған. Жобаны «АС-Строй» ЖШС-і жүзеге асыруда. Бұл бастама ауыл тұрғындарын экологиялық таза әрі тиімді отын түрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жылумен қамтамасыз ету саласында да ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылды. Қаладағы ЖЭО-5 қазандықтарына қайта құру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде тозу деңгейі 87 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеді. Бұл жылу беру сапасын едәуір жақсартып, қыс мезгілінде тұрғынүйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі сенімді жылумен қамтуға жол ашты. Сонымен қатар, қаладағы 14,5 шақырым магистралдық жылу құбырларының 1,9 шақырымы жаңартылды. Аталған жобаның жалпы құны 7 507,7 млн теңгені құрайды. 2024 жылы оған 200,1 млн теңге, 2025 жылы 500,0 млн теңге, 2026 жылы 653,3 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «KAZ Intel Group» ЖШС-і.
Ішкі орам жылу желілерін қайта құру жұмыстары үш кезең бойынша іске асырылуда. Жалпы ұзындығы 130 шақырымды құрайтын желінің 51 шақырымы аяқталған. Бұл жұмыстар көпқабатты тұрғын үйлерге жылу жеткізудің сапасын арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Ауыз су және кәріз жүйесі бойынша да маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Қазіргі уақытта қаланың ауыз су жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа жоба әзірленді. Жобаға сәйкес, қолданыстағы Біресек су станциясының тәуліктік қуаттылығы 7 200 м³-тен 18 400 м³-ке дейін ұлғайтылмақ. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 25 937 метр су құбыры тартылып, сыйымдылығы 5 000 м³ болатын 4 дана таза су қоймасы салу жоспарлануда. Бұл бастама халық санының өсуін және өндірістік нысандардың кеңеюін ескере отырып, ауыз су қорын тұрақты әрі сенімді етуге бағытталған.
Қазіргі таңда қала тұрғындарының 78,1 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аумақтарды толық қамту мақсатында қуаттылығы тәулігіне 20 мың м³ болатын кәріз су тазарту станциясы мен тазарту құрылымдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл экологиялық ахуалды жақсартуға және санитарлық талаптардың сақталуына ықпал етеді.
Электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан. Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер толық орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Өткен жылы 2 ірі қосалқы станция жаңартылып, ұзындығы 8,3 шақырым болатын 6 кВ кернеулі әуе электр желілері, 312 дана бағана және 9,4 шақырым 0,4 кВ әуе желілері қайта жаңғыртылды. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, желілердегі техникалық шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қала көшелерін жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.
Жалпы Кентау қаласында табиғи газ, жылу, су, кәріз және электр желілерін жаңарту бойынша қолға алынған жобалар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.
