Түлкібаста Машат, Жабағылы ауылдарына ауыз су құбырлары жүргізіледі
Түлкібас ауданында 61 елді мекеннің (106 420 адам) 59-ы (106 244 адам) яғни 99,8 пайызы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 28 елді мекені тік ұңғыма көздерінен, ал 31 елді мекен бастау көздерінің ауыз суын пайдалануда. Қалған 3 елді мекен таулы аймақта орналасқан (Ақсай, Қайыршақты, Даубаба-2) (176 адам (0,2%) бұлақ суын пайдалануда.
Сондай-ақ 2021-2023 жылдары Азаттық және Балықты ауылдарының ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары аяқталып нәтижесінде 1 114 абонент 24 сағат сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Биыл республикалық бюджеттен Машат, Жабағылы ауылының ауыз су құбырларының құрылысына қаржы бөлінді. Бұдан бөлек Сеславина ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарына салалық қорытынды алынып, республикалық бюджеттен қаржы қарау мақсатында тиісті басқармаларға ұсынылды.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтуға, яғни мүлдем су, газ құбыры жоқ ауылдардың мәселесін шешуге басымдық беріледі. Өңірімізде 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтайды. Өңірде 12 мың шақырымға жуық табиғи газ жүйесі болса, электр желілерінің ұзындығы 20700 шақырымнан асады. Облыста жаңадан су, газ, электр желілерін тарту және тозған желілерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ауыз су бойынша 3 жылда 202 жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың ауыз су саласына қатысты мәселесі шешімін табуда.