Ғасыр жасаған ғазиз аналар – отбасының ғана емес елдің де ұйытқысы

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы әдемі жүзін талай тарихтың ізі басқан аяулы әжелерге ізет көрсетуді ұмытқан емес. Үлкендерімізге жан шуағын сыйлап, құрмет көрсету – қазақтың қанына сіңген асыл қасиет.

Халқымыздың өнегелі тәрбиесін жалғауда партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев өмірдің шырақшысы болған, ғасырдан астам ғұмыр белесін бағындырған әжелеріміздің шаңырағында болып, асыл жандардың ақ батасын алды.

Партия өкілдері шежірелі Түркістан қаласында 102 жасқа жеткен Аманкүл Марасулова әжеміздің шаңырағында болып, әулеттің қуанышына ортақтасты. Асыл әженің үш ұл-қызынан алты немере, он бес шөбере өрбіп, абыройлы жанның тағылымды тәрбиесін көріп жетілуде.

Қазыналы Қазығұрт баурайы да жүз жылдық белестен асқан кейуаналарымен бай өлке. Партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев ауданға арнайы барып, ғасыр жасаған әжелерімізбен емен-жарқын сұхбат құрып қайтты. Жаратқанның өлшеп берген жасын берекелі жасап, бүгінде әулеттің сүйеніші, тұтас аймақтың қазынасына айналған әжелеріміздің қатарында Шарбұлақ ауылынан Гүлзи Келесбаева әжеміз 107 жасты, Қақпақ ауылының тұрғыны Туйска Дусумбаева апамыз 105 жасты, Жаңабазар ауылдық округінің Тілектес елді мекенінен Әлима Аймаханова әжеміз бен Үлгілі елді мекенінен Фатима Төлегенова анамыз және Сарапхана ауылдық округінің Махамбет елді мекенінен Мінаш Жақыпова әжеміз 104 жасты бағындырған. Бүгінде көнекөз кейуаналарымыз өздерінен тараған перзенттерінің бақытты таңдарын көріп, немере-шөберелерінің қызықшылықтарына куә болып отыр. Араларында шөпшектің алақанынан май жалаған әжелеріміз де бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *