Отбасы құндылықтарын насихаттауға арналды
Жақында Түлкібас ауданында мектеп оқушыларына «Қоғамдық келісім» КММ-нің Түлкібас аудандық филиал маманы, Тастұмсық ауылдық кітапханасының қызметкерлері, Түлкібас ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері мен әжелер мүшелерінің қатысуымен тәрбие сағаты өткізілді. «Адами құндылық — ар мен ұят» тақырыбында өткен тәрбие сағатында негізінен отбасылық құндылықтар жайлы айтылды.
Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын айта келе: «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі» деген болатын.
Іс-шараға жиналғандар жиынды «Мемлекет – отбасынан құралады. Сондықтан, мемлекетіміз баянды болсын десек отбасы беріктігіне баса мән беру керек» деген тұжырыммен қорытындылады.