Жаңа ойын алаңшасы пайдалануға берілді
ҚР Президентінің бастамасына сәйкес, бүкіл еліміз бойынша қазір «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Бұл іс-шараға кентаулықтар да белсенді қатысып, қаланы көріктендіруге атсалысуда.
Қала және қалаға қарасты ауылдарды абаттандыру мақсатында Қарнақ ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Тұрғындары тығыз орналасқан Әз-Жәнібек көшесіне салынған бұл нысан ауылдың сәніне сән қосып тұр. Бұл іс-шара ауылдың белсенді кәсіпкерлерінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Игі іс-шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаты Бекзат Хабибов бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, демеуші болған жандарға алғыс білдірді. Ауыл тұрғындарын жаңа ойын нысанының пайдалануға берілуімен құттықтап, лентасын қиды. Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жанашыр ауыл тұрғындарына ризашылықтарын жеткізді. «Мұндай игі іс ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асырылуда. Әр аулаға салынған ойын алаңшаларына қуанған балалардың бақытты жүздері бізді тоқтамай жұмыс істеуге жетелеуде. Қазір осы іске ұйытқы болғысы келетін жастардың саны артып келеді» дейді ауыл биі Әбсәлім Өмірбеков.
Тарихы терең Қарнақ ауылында пайдалануға берілген ойын алаңшасы барлық стандартқа сай, жалпы көлемі 1 гектар аймақты алады. Онда жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Тыныстап демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Бұл ауыл балаларына берілген осымен төртінші ойын алаңшасы. Ауылдың белсенді тұрғындары жыл соңына дейін тағы 4 ойын алаңшасын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.