Балаларға арнап «Ашық есік күнін» өткізді

Қазіргі таңда Түркістан облысында 900 000-ға жуық балалар тұрады. 2024 жылдың 4 айында 16 640 бала өмірге келген. Жақында өңірімізде 30-ға жуық медициналық ұйымдар — емханалар, балалар ауруханалары, оңалту орталықтары ашық есік күндерін өткізді. Ашық есікте бейінді мамандардың қабылдауларын жолдамасыз жүргізу, диагностикалық және лабораториялық зерттеулер жасау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сурет салу, топтық арт-терапия, балалар ертеңгіліктері, концерттер және т.б. іс-шаралар өткізілді.
Айталық, облыстық балалар ауруханасы «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Балаларға нейрохирургиялық көмекті дамыту Жол картасы» аясында нейрохирургиялық эндовидеостойка және нейрохирургиялық инструментермен жабдықталды. Бұл құрал — жабдықтар нейрохирург дәрігерлердің жұмысын оңтайлы түрде жеңілдете отырып, балалардың өмірін құтқару мен өмірінің сапасын арттыруға өз әсерін тигізеді.
Бұл күні Түркістан қалалық балалар ауруханасының «Қамқорлық» оңалту орталығында аурухана басшысының орынбасары А.Ақжігітов аяққа тұрған науқас баланың тұсауын кесті. Ата-аналармен ойындар өткізіліп, балаларға естелікке ойыншықтар берілді. Ем алып жатқан балаларға Р.Сейтметов атындағы музыкалық драма театрының әртістері «Кім патша болады?» атты қойылым қойды.
Ал, Жетісай аудандық орталық ауруханасында балаларға арнайы аниматорлар шақырылса, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бөлімшелерінде жатқан кішкентай науқастар сурет салу байқауына қатысты. Ордабасы аудандық ауруханасында әлеуметтік қызметкер мен психолог мамандар балаларға арнап түрлі ойындар ұйымдастырды. Арыс аудандық орталық ауруханасының педиатр, жалпы тәжірибелі дәрігер, невролог мамандары «ашық есік күнін» өткізіп, балаларды қабылдады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *