Ордабасылық ұстаз бас жүлде иегері атанды
Астана қаласында Республикалық “Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт” жобасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім академиясы ұйымдастырған “Үздік оқырман” республикалық мұғалімдер байқауы өтті. Жарысқа өңірімізден Ордабасы ауданы, Шұбар ауылына қарасты Д.Қонаев атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әлия Өтебек қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Қатысушылар арасынан ең жоғары ұпай жинаған Ә.Өтебек 1-дәрежелі дипломмен марапатталып, 220 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алуда. Республикадағы әрбір жетінші оқушы біздің облысымызда. Жаңа оқу жылында облыс мектептеріне бірінші сыныпқа 52 мыңнан астам бүлдіршін қабылданды. Үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталуда.
Облыстағы орта білім ұйымдарында 64 983 педагог қызмет етеді. Олардың 2 447-сі магистратура, 59 538-і жоғары оқу орнын, 887-сі техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітіргендер. Педагогтардың 65,2 пайызының тиісті санаттары бар.
Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда 13701 педагог жұмыс істейді. Олардың 128-і магистратура, 8080-і жоғары оқу орнын бітіргендер, 3014-і мектепке дейінгі жоғары білімі бар, 2032-і техникалық және кәсіптік орта білім беру ұйымдарын бітіргендер. Балабақшаларда 11 педагог-шебер, 60 педагог-зерттеуші, 121 педагог-сарапшы, 306 педагог-модератор еңбек етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігінің білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы жобасына өңірдің 26 педагогы қатысып, бүгінде олардың 17-сі конкурссыз мектеп директоры лауазымына тағайындалды (9-ы тұрғылықты жерлері алшақта болуына байланысты бас тартты).
Осы жылы жобаға 568 үміткердің біліктілік талаптарға сәйкестігі қаралып, іріктеу жұмыстары жүргізілуде. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерді білікті басшылармен қамтамасыз ету ең бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Педагогтарды аттестаттаудың жаңа ережелері бойынша Өрлеу біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Облыс бойынша бес тестілеу пункті (Түркістан, Созақ, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай) жұмыс істейді. Қазіргі таңда педагогтардың 83%-ы тестілеуге тіркелді.