«Мақтааралда тұратын Нұрбибідің ұлттық киімдеріне шетелдерден тапсырыс берушілер көп»

Мақтаарал ауданында іскер әйелдер кеңесі осыдан екі жыл бұрын құрылған болатын. Содан бері ауданда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Өсербаева Оңласын Шүкірбайқызының айтуынша, алғашқы кезде аталмыш кеңеске өңірдегі 30 кәсіпкер әрі қоғамдық жұмыстарға белсенді қыз-келіншек мүшелікке енген болса, бүгінде олардың қатары 50-ден асқан. Орайы келгенде Оңласын Шүкірбайқызымен жақынырақ тілдесіп, сұхбаттасқан едік.

 — Оңласын Шүкірбайқызы, ең алдымен өзіңіз туралы айтыңызшы. Қай жердің тумасымыз? Қандай мамандықты меңгергенсіз?

— Мен Мақтаарал ауданы Мырзашөл ауылында туып-өскенмін. Мектепті бітіргеннен кейін сол өңірдегі мәдени-ағарту училищесін тәмамдап, Сырдария университетіне оқуға түстім. Бүгінде білім саласында 35 жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Жолдасым да ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Ол да мұғалім. Біз төрт ұл баланы тәрбиелеп, өсіріп, бүгінде осы перзенттерімізден немере сүйіп отырған бақытты ата-әжеміз. Балаларымыз да Мақтаарал ауданында әртүрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді.

Ұстаздық ете жүріп, мемлекеттікпен серіктестік аясында балабақша аштым. Қазіргі таңда екі балабақшаның құрылтайшысымын. Аудандағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде ізімізді алып келе жатқан жастарға «Кәсіппен айналысыңдар, қазір кәсіп бастаймын деген адамға мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіледі. Қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген және аз пайызбен несие беріледі» деймін.

— Осы орайда аудандағы іскер әйелдер кеңесінің мақсаты мен міндеті жайлы да айта кетсеңіз…

— Қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың маңызы орасан зор. Бүгінде облыста кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Олардың өз кезегінде жас кәсіпкер қыз-келіншектерге берері көп деп білемін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнесте әйелдердің саны артып келеді. Сондықтан, іскер әйелдер кеңесі қазақтың қыз-келіншектерінің қоғамның сан саласында белсенді болып, олардың бастамаларына қолдау көрсетуді көздейді.

Толығырақ айтар болсақ, еліміздегі іскер әйелдер кеңесі «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған. Бүгінде өңірлік палаталардың да жанында өңірлік іскер әйелдер кеңестері жұмыс істейді.  Кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы болып саналады және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық палата Жарғысына, осы Ережеге және Ұлттық палатаның басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады. Кеңес қабылданатын шешім үшін жариялық, ерікті және Кеңес мүшелерінің тең жауапкершілігі қағидасымен жұмыс істейді. Кеңес құрамы Ұлттық палата Басқарма Төрағасының бұйрығымен бекітіледі. Төрайым мен Кеңес мүшелері өз қызметін тегін негізде жүзеге асырады. Кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), Ұлттық палатаның мүшелері мен басшылық қызметкерлер, түрлі саласы бойынша сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады. Кеңес құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін өзінің құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы.

— Мақтаарал ауданындағы қыз-келіншектер кәсіпкерліктің қай саласына жақынырақ?

— Өңіріміздегі белсенді әрі кәсіпкер қыз-келіншектер шағын және орта бизнесте жемісті еңбек етіп келеді. Олардың арасында жеңіл өнеркәсіппен айналысатындар көп деуге болады. Дегенмен, ауылшаруашылығы саласын да бағындырып, мал шаруашылығында табысқа жетіп отырған әйелдер де аз емес. Біздің облыс халқы негізінен ауылшаруашылығымен және егіншаруашылығымен айналысады ғой. Осы жағынан келгенде мақтааралдық қыз-келіншектер де осы салаларды дамытуға өз үлестерін қосып келеді.

Өңірімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мен кәсіп бастаймын деген қыз-келіншектерді ынталандыруға бағытталған жобалалар мен бағдарламалар өте көп. Қазіргі таңда Түркістан облысы республикада көпбалалы аналардың саны жағынан ғана емес орта және шағын бизнестегі әйелдер үлесі бойынша да алда келеді. Нақты статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде облыс көлемінде 180 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істейтін болса, соның 45 мыңға жуығын шағын және орта бизнеске басшылық жасап отырған әйелдер құрайды.

Мақтаарал ауданында іскер әйелдер кеңесі құрылғанда кеңес құрамына 30 іскер әйел мүшелікке қабылданған болатын. Қазір олардың қатары 50-ден асып жығылады. Өңірдегі кәсіпкер әйелдердің көпшілігі тігін цехтарына, дәмханаларға, сән салондарына басшылық жасайды. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, ауылшаруашылығы саласында да жемісті еңбек етіп жүрген аналарымыз аз емес. Қазіргі таңда білім саласында мемлекетпен серіктес ретінде балабақша ашып, өз бизнестерін дөңгелетіп отырған арулар қатары артып келеді. Біз кеңес тарапынан кәсіпкер аналарға барынша қолдау білдіріп, олардың мәселелерінің шешілуіне атсалысамыз. Ауылшаруашылығында жүрген кәсіпкер аналардың өнімдерінің көрмелерге қойылып, көпшілікке таныстыруға үлес қосамыз. Оларды мерекелерде сый-сияпаттарға ұсынып, ынталандырып отырамыз.

Әрекет бар жерде, берекет бар. Сондықтан, кәсіп бастаймын деген жандарға тек алға қарай ұмтылу керектігін айтамын. Адам әр кез даму үстінде, әрекет үстінде болса, онда оның түбінде нәтижеге жетері анық. Қазіргі таңда менің есімдерін мақтаныш ретінде айтатын, үлгі ететін кәсіпкер қыз-келіншектерім көбейіп келеді. Солардың бірі – Нұрбибі Омарова. Ол ұлттық киімдерді тігеді. Қазақ халқының байырғы ою-өрнектерін зерттеп, солардың мәні мен маңызын түсіндіріп, жаңғыртуға үлес қосып жүр. Нұрбибіге тапсырыс берушілер көп. Шетелдерден де өз өлшемдерін жіберіп, тапсырыс беретіндер баршылық. Мұндай жаңалықтар бізді қуантады.

Жәмилә Көбееваның да сыйлық ретінде ұсынуға арналған дүкенінен қолөнер бұйымдарының неше түрін кездестіруге болады. Жәмиләнің бойына біткен өнеріне тамсанып, оның бұйымдарына қызығатын көп. Ол да үлкен жетістіктерге жетіп келеді.

Жалпы бүгінде жұмыс істейтін әйелдердің үлесі бойынша еліміз әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында келеді. Бұл мемлекетімізде еңбек күшінің едәуір бөлігі қыз-келіншектердің еншісінде болып тұрғанын көрсетеді. Біз мұндай деңгейге ілкімді бастамалармен және сәтті жобалармен жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесінде жетіп отырмыз. Оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің қосып келе жатқан үлесі орасан зор деуге болады.

Бүгінде аталмын кеңес қанатын кеңге жайып, еліміздің барлық өңірінде өңірлік кеңестер құрылды. Аудан орталықтарындағы іскер әйелдер кеңестерінің ауылдардағы мүшелері жемісті еңбек етіп келеді. Олар белсенді әрі табысты іскер әйелдердің басын қосып, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету мақсатында көптеген іс-шараларды ұйымдастыруда. Онда ең алдымен кәсіпті қаржыландыружы қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында білім беріп қана қоймай, мемлекет тарапынан берілетін шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар жайлы ақпарат беріледі. Осылайша әйелдердің әлеуетін бизнес ортаға тартуға барынша күш салынуда. Оның нәтижесі де жоқ емес.

— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет! Табысты кәсіпкерлерді тәрбиелей беруіңізге тілектеспіз. 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *