Шардаралық Ақмарал Қайназарқызы 11 перзентінен 40-тан астам шөбере мен 10-ға тарта шөбере сүйіп отыр
Шардара қаласында ғұмыр кешетін алтын құрсақты аналарымыз аз емес. Солардың бірі – Мелдеби шағын ауданында тұратын Ақмарал Мүтәлиева апамыз. Биыл 78 жастан асып отырған Ақмарал апамыздың 40 немересі мен 5 шөбересі бар. Отағасы Әбдіғани ағамыз екеуі 6 ұл мен 5 қызды өмірге әкеліп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Бұл шаңырақ тамырын тереңге тартқан саялы бәйтерек іспетті. Осы әулеттің арқа сүйейтін тірегіне айналып отырған Ақмарал апамыздың жастарға үйреттін тәлім-тәрбиесі де, кешегі күннен сыр шертетін естеліктері де көп-ақ.
–Көрші Мақтаарал өңірінде туып-өстім. 17-ге енді толған кезімде осы балалардың әкесімен отау құрдым. Біз Шардараға 1972 жылы қоныс аударып келдік. Отағасы «Сельхозхимия» мекемесінде, одан аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында жұмыс істеді. Марқұм жолдасым еңбекқор адам еді. Көлік те жүргізді, диқаншылықпен де шұғылданды. Балаларды жастайынан жұмысқа баулып, маңдай терімен нан табуға үйретіп отырды. Одан ешқайсысы жаман болған жоқ, – дейді Ақмарал Қайназарқызы.
Апамыздың өзі 11 баланы өмрге әкелгенімен үйде қарап отырмай, өкіметтің жұмысында болды. Алғашқы еңбек жолын балабақшада бастағанымен, Шардараға келген соң қаладағы нан зауытында ебек етті. Осы мекемеде технолог болып қызмет атқарып, нан зауыты тарағанша жұмыс істеді.
–Ас атасы – нан өнімдерін шығаратын кәсіпорында жұмыс істеген кездерімді қалай естен шығарамын. 20 жылға жуық сол мекемеде еңбек етіп, халықты нанмен қамтамасыз еттік. Пештен жаңа шығып, исі бұрқыраған ыстық нанға жететін не бар екен, шіркін. Бөлке нан, таба нан, бөлішке сияқты нанның түр-түрін сол наубайханада дайындайтын едік. Одан бөлек, түрлі пәтірлер, макарон өнімдері де бізден шығарылатын. Бір күнде елу қап ұн пайдаланатын едік. Қалада да, далада да жұмыс қайнап жататын. Ол да бір дәурен екен, – дейді өткенді көз алдына келтірген апамыз.
Тырбанып істеген адамға жұмыс қашан да табылып, нәпақасы артып отырады. 90-шы жылдардан кейінгі дағдарыстарды ұмыта қойғанымыз жоқ. Бейнетпен есейген Әбекең бұл кезде бала-шағасымен егіс басында болып, диқаншылықпен шұғылданды. Ерте көктемнен бастап-ақ қауын-қарбыз, басқа да бақша дақылдарын егіп, алажаздай сол өнімді күтіп-баптайтын. Тер төккен адамға жер ана да жомарттығын жасайды. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды дегендей, осындай еңбекқорлықтың арқасында сол кездегі дағдарыстан бұл жанұя қинала қойған жоқ.
Ата-ананың өнегелі тәрбиесі ұрпағын биіктерге жетелейді. Еңбекпен есейген ұл-қыздары жоғары білім алып, бәрі де үйлі баранды болып отыр. Әәулеттің үлкеені Гаухар Әбдіғаниқызы Шымкент қаласындағы бір жоғары оқу орнында оқытушы болып еңбек етеді. Екінші перзенттері Мария аудандық «Өскен өңір» газетінде қызмет атқарса, одан кейінгі Замира мен Ырысбек бірі Шымскентте, бірі Астана қаласында теміржол саласында жұмыс жасайды. Тұрысбек, Берік, Серік, Ерік, Бекзат есімді ұлдары бірі егін, мал шаруашылығымен, бірі кәсіпкерлікпен шұғылданып келеді. Райхан есімді қыздары Шымкент қаласында бір мектепте ұстаздық қызмет атқарса, Анар қарындас аудандық әкімдіктің бас инспекторы қызметінде.
Осынау ұл-қыздардың ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған Ақмарал апамыз немере мен шөберенің бал тілдерін қызықтап, Алланың осы көрсеткеніне мың қайтара шүкіршілік айтып келеді.