Раушан тәрбиеші болып жұмысқа орналасты

Раушан Дилхая Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде тұрады. Шымкенттегі А.Қуатбеков атындағы Шымкент университетін тәмамдаған. Мамандығы – мектепке дейінгі тәрбие және оқыту. Кейіпкеріміз жақында Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Байтерек» балабақшасында тәрбиеші болып жұмысқа орналасты.

Қазіргі таңда елімізде оқу орнын бітірген жастарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар өте көп. Айталық, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы шеңберінде диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан жастардың бастамалары қуантады.

Жалпы биыл облыс әкімінің бекіткен «Өңірді жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, 108 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар арқылы ашылатын жұмыс орындарына жолдау, сонымен бірге 7,2 мың адамға грант немесе шағын несие беру көзделген. Тиісінше, 1 тамыздағы  статистикаға сәйкес 68,5 мың түркістандық жұмыспен қамтылып, жоспар 58 пайызға орындалған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, 31 мың адам тұрақты, 37,5 мың адам уақытша және 1,5 мың адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған. Өңірде Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар негізінде 400-ге тарта инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, 3 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін оның 227-сі қолға алынып, 1500-ден аса жұмыс орны құрылыпты. Ал, «Еңбек» бағыты бойынша 2024 жылы 85,4 мың азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, 7 ай ішінде 44,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Одан бөлек 31 мыңнан аса адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау көзделіп, 25 570 адам жұмысқа кірісіп кеткен. Кәсіп бастауға ниет білдірген 1783 адамға грант беріліп, 2 570,9 млн. теңге игерілген. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 7 аудан мен қаланың 120 тұрғынына пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін грант тағайындалған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *