Сайрамда референдумға дайындық жұмыстары пысықталды
Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының бекіткен жоспарына сәйкес «Референдумды дайындау және өткізу кезіндегі ұйымдастыру мәселелері» тақырыбы бойынша Сайрам аудандық аумақтық референдум комиссиясы мүшелеріне және учаскелік референдум комиссия мүшелеріне оқыту семинары ұйымдастырылды.
Оқыту семинарында Республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтар мен республикалық референдум қарсаңындағы үгіттің негізгі аспектілері туралы түсіндіру жұмыстар пысықталды. Референдум өтетін күні атқарылатын жұмыстар бойынша байқаушыларды, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тіркеу, қоғамдық бірлестік өкілдерімен, мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс істеу және цифрлық құжаттармен жұмыс, сайлаушыларға дауыс беру бюллетеньдерін беру, үйден дауыс берушілермен жұмыс, дауыстарды санау жөнінде нұсқаулыққа сәйкес түсіндірілді.
Семинар жұмысына 270-ке жуық комиссия мүшелері қатысты. Оқыту өзара пікір алмасу, әрбір жағдайды жіті талдау бағытында өрбіді. Жиын қорытындысымен қатысушылар заңнама бойынша тест тапсырды.
Айта кетейік, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойып: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деген болатын.
Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде референдумды өткізуге байланысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.