Сайрамда 89 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атом энергиясын дамыту тақырыбы жайында әңгіме қозғаған болатын. Өйткені, елімізде жыл өткен сайын электр энергиясына деген тапшылық сезілуде. Соңғы жылдары елімізде облыстар мен қалалардың аумағы кеңейтіліп, көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтар іске қосылды. Бұл өз кезегінде электр энергиясына деген сұраныстың бұрынғыдан бірнеше есеге арта түсетінін аңғартады. Сондықтан, оны шешуде атом электр станциясын салудың тиімділігі мол болмақ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, АЭС салу мәселесі қазіргі таңда елімізде қызу талқылануда. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойып: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деген болатын.

Президент Жарлығына сәйкес, елімізде 6 қазан күні Республикалық референдум өткізілмек. Ел тұрғындары «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауалы бар бюллетень алып, дауыс береді. Қазіргі таңда ҚР Орталық референдум комиссиясы «Республикалық референдумды өткізу және ұйымдастыру» мәселелеріне арналған күнтізбелік жоспарды бекітті. Бүгінде референдумды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

— Айталық, референдум күні Сайрам ауданында 89 референдум учаскесі жұмыс істейді. Аудан бойынша 635 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі қызмет атқарады. Қазіргі таңда учаскелерді жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Дауыс беру кабиналары арнайы ширмамен жабдықталып, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалады. Бұл ретте жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыс бар.

Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру бағытында оқыту жұмыстары жүргізілді. Қалған комиссия мүшелері каскад әдісімен оқытылады, — дейді Сайрам ауданының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Сабит Реметов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *