Нұрбибі апа қой жүнінен ұлттық нақыштағы бұйымдардың түр-түрін жасауда
Мақтаарал ауданы Абай ауылының тұрғыны Нұрбибі Омарова ұлттық қолөнерімізді дамытуға үлес қосып келе жатқан кәсіпкер. Жақында ол Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен әлем жұртшылығына халқымыздың даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ету мақсатында өткізілген көшпенділер ойынына қатысып қайтқан болатын. Орайы келгенде Нұрбибі Жарқынқызын жақынырақ әңгімеге тартқан едік.
— Мен Мақтаарал ауданы Абай ауылында 1964 жылы дүниеге келгенмін. Осында мектепті бітіріп, дүкенде сатушы болдым. Кеңес Одағы кезінде бұл екінің біріне бұйыра бермейтін жұмыс еді. Кейіннен тұрмыс құрып, жолдасым екеуміз 5 перзент тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде үш қызым мен екі ұлым үйді-жайлы болды. Зейнеткерлікке шығып, шағын шеберхана ашып, өзімнің сүйікті ісіммен айналыса бастадым.
Анам өте ісмер адам болатын. Бала күнімнен оның текемет басып, алаша тоқығанын көріп, бұл өнерді бойыма сіңіріп өстім. Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік қой жүнінің қадірін білмейді. Малшылар жүннен тезірек құтылу үшін оны өртейді немесе суға ағызып жіберіп жатады. Бірде осылай ешкімге керек болмай қалған қой жүндерін көргенде анамның әрекеті есіме түсе берді. Содан шашылған жүндерді жинап алып, жақсылап жуып, тазалап, шуашын кетіріп, сабадым. Түтілген дайын өнімнен анамнан үйренген бұйымдарды жасауды қолға алдым.
Осылайша, байлығымызды қор қылмайын деп бастаған ісім бүгінде кәсібіме айналып шыға келді. Қазір республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, ұлттық қолөнерімізді жаңғыруға үлес қосып жатқаным мен үшін үлкен бақыт, — дейді Нұрбибі Жарқынқызы.
Қазір кәсіппен айналысамын деушілерге өзін-өзі дамытуға мүмкіндік мол. Жүннен жасалған киімдер суық өткізбейді. Осыны білетін адамдар шебердің алғашқыда жасаған бұйымдарын үйіне келіп сатып алып кетіп жатты. Сұраныс көбейгеннен кейін шеберхана ашып, сүйікті ісін кәсібіне айналдыруды мақсат етті. Ол үшін әрине, жүнді заман талабына сай өндеудің технологиясын меңгеруі керек болды. Содан Нұрбибі Жарқынқызы 2018 жылы Қарағанды облысы Осакаров ауданында орналасқан «Баршын білек» оқу орталығына барып білім алып, ұлттық нақыштағы киімдерді қарапайым қой жүнінен қалай жасауға болатынын үйреніп келді.
— Қазір адамның бас киімінен бастап аяқ киіміне дейінгі дүниелердің барлығын өзіндік сән үлгісімен ерекше етіп жасаудамын. Жалпы қой жүнінің адам денсаулығына тигізетін пайдасы орасан зор. Оған әлемді ковид індеті жайлағанда қойдың құйрық майын іздегендерді көріп, көз жетті. Көл-көсір табыс әкелетін ұсақ малдың терісінде өсетін түк, қылшықтан қаншама өнім шығарудамыз деп мақтанып жатырмыз ғой. Бірақ, бұл аздық етеді. Сондықтан, қой жүнін өндеп, сәнді киімдер жасауды үйренемін деушілер болса, қуана-қуана тегін оқытуға әзірмін.
Қазір шеберханамда 6 қыз-келіншек қой жүнін өндеуді үйренуде әрі маған көмектесуде. Ал, басқа ауылдарда бұл дәстүр жойылып барады. Бала күнімізде апаларымыз қой жүнін түтіп, сабап, киіз басып, білектейтін. Ал, біздің міндетіміз шиге оралған кілемді тептілеу болатын. Киіз басу былай тұрсын, қазір ұршық иіріп, шұлық тоқитын апалар жоқтың қасы. Біле білгенге қойдың жүгін иіріп, тоқылған шұлық оңайлықпен жыртыла қоймайды. Өйткені, қойдың жүні сымтемірдің беріктігіндей мықты болады. Әрі жылуды жақсы сақтайды. Созылғыш келеді. Су мен дымқылдан илене қоймайды. Ұзақ уақыт бойы бояуын жоғалпайды.
Денеңізді жарақаттап алып, ем-дом қонбай жүрсе, онда қой жүнін жылы сумен жусаңыз, жарадан тырнық та қалмайды. Бұрын гайморит пен варикозды қойдың жүнімен емдеген. Қойдың жүнінің суықтап тартып алатын, жараны тез жазатын қасиеті бар. Ал, қойдың етінің науқас адамға қандай шипа екенін екінің бірі білер. Жас босанған әйелдерге де денсаулығын қалпына келтіру үшін қойдың етін жегізіп, сорпасын ішкізеді.
Тараз қаласында елімізді қойдың өнделген таза жүнімен қамтамасыз етіп отырған Аркен есімде жігіт тұрады. Мен де жүнді сол Аркеннен аламын. Соңғы уақытта ғалымдар қойдың жүнінде йод көп екенін мәлімдеуде. Қазір адамдар йод тапшылығы салдарынан көптеген ауруларға душар болуда. Сол себепті ауыл-аймақтарда жұмыссыз жүрген, бала күтімімен үйде отырған қыз-келіншектер әр жерде шашылып жатқан қой жүнін өндеп, жіп иіріп, ең болмағанда шұлық тоқыса екен деймін. Әрі табыс табар еді. Мен өзі басым ине сабақтай алатын әрбір әйел жұмыс істей алады деп есептеймін.
Орайы келгенде айта кетейінші, менің жүннен жасалған жастығым бар. Қан қысымым көтерілгенде әлгі жастығыма басымды қойып, тынығып аламын. Қайда барсам да оны өзіммен бірге алып жүруге тырысамын, — дейді шебер.
Айта кетейік, қолөнер бұл Нұрбибі Жарқынзыының екінші кәсібі. Мұның алдында жолдасы екеуі жылыжайда көкөністер өсіріп, жылына екі рет өнім алған. Қазір жылыжайдағы жұмысты жолдасы мен балалары жалғастыруда. Ал, ол өзінің сүйікті ісімен айналысып, қой жүнінен ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасауда.
— Жақында Түркістан қаласында үлкен көрме өткен болатын. Сонда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде белді қызметті атқаратын түрік әйел 100 шақты қолөнершінің ішінде менің 70 мың теңгелік 5 шапанды бірден сатып алды. Және мені оқу орнында өтетін көрмеге шақырды. Бұл мен үшін үлкен жетістік.
Қазіргі таңда қолымда тұратын келінім қой жүнін өндеуді үйренуге ден қойған. Болашақта менің ісімді жалғастыратын әлемге әйгілі қолөнер шебері болады деп сенемін, — дейді кейпікеріміз.