«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – экономикалық өсуге септігін тигізеді»

Шардара ауданында іскер әйелдер кеңесі 2019 жылы құрылған болатын. Бүгінде аталмыш кеңес құрамына өңірдегі 55 кәсіпкер әрі қоғамдық жұмыстарға белсенді іскер әйел енген. Орайы келгенде аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жансая Бектасованы жақынырақ әңгімеге тартып, сұхбаттасқан болатынбыз.

— Жансая Еркінбекқызы алдымен өзіңіз жайлы айтыңызшы…

— Мен жеке кәсіпкермін. Осы Шардара ауданында туып-өскенмін. Мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаева атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне оқуға түстім. Мамандығым – автоматизациялау және басқару.

Жолдасым екеуміз 4 ұл-қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеудеміз. Бүгінде біздің қыз-келіншектерге арналған сән салонымыз, қалындықтардың той көйлектерін сататын және жалға беретін дүкеніміз және жалға берілетін ғимараттарымыз бар. Ізімнен еріп келе жатқан, яғни кәсіпкерлік саласына қадам басқан сіңлілеріме айтарым, әрдайым даму үстінде болу керек. Тек алға қарай ұмтыла білу керек. Кәсіпте көп жағдайда тәуекелге бел бууға тура келеді. Сондай кезде тек өзіне ғана сену керек. Алдағы мақсатқа, арманға тек еңбекпен ғана жете аламыз.

— Енді іскер әйелдер кеңесінің құрылудағы мақсаты мен міндеттеріне тоқталсақ…

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе, Үкіметке әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Бүгінде елімізде әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға көп қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнесте әйелдердің саны артып келеді.

Еліміздегі іскер әйелдер кеңесі «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған. Бүгінде өңірлік палаталардың да жанында өңірлік іскер әйелдер кеңестері жұмыс істейді.  Кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы болып саналады және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық палата Жарғысына, осы Ережеге және Ұлттық палатаның басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады. Кеңес қабылданатын шешім үшін жариялық, ерікті және Кеңес мүшелерінің тең жауапкершілігі қағидасымен жұмыс істейді. Кеңес құрамы Ұлттық палата Басқарма Төрағасының бұйрығымен бекітіледі. Төрайым мен Кеңес мүшелері өз қызметін тегін негізде жүзеге асырады. Кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), Ұлттық палатаның мүшелері мен басшылық қызметкерлер, түрлі саласы бойынша сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады. Кеңес құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Жалпы аталмыш кеңес Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері: Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту; Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру; Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру; Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау; Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу; Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу; Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу; Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады.

Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін өзінің құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін келісімшарттық негізде тиісті саланың мамандары мен сарапшыларын тартуға; бекітілген заңнама және Ұлттық палатаң ішкі құжаттарының тәртібінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы.

— Шардара ауданындағы іскер әйелдер кәсіпкерліктің қай түріне бейім? 

— Шардара ауданында іскер әйелдер кеңесі 2019 жылы құрылған болатын. Содан бері іскер әйелдер кеңесін мүшелікке енуге ұмтылған өңірдегі іскер әйелдердің қатары толығып келеді. Қазір кеңес құрамында кәсіпкер әрі қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласатын 55 қыз-келіншек бар.

Біздің өңіріміздегі іскер әйелдер тігін және кондитерлік өнімдер шығаратын цехтармен қатар сән салондарын ашуда. Олардың арасында дүкен ашып, сапалы бренд киімдерді шығаратын шетелдермен байланыс орнатып, тауарларды тікелей алдырып жатқандары да бар. Қазіргі таңда сауда-саттық саласында бұл бағыт қарқынды түрде даму үстінде. Әсіресе, Қытаймен байланыс орнатып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды қолжетімді бағада ұсынатын орындар да жұмысі стей бастады. Оның өз кезегінде тұрғындарға тигізетін пайдасы орасан зор.

Жалпы қоғамымызда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, яғни кәсіпкер қыз-келіншектердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту арқылы біз мемлекетіміздің экономикалық тұрғыдан өсуіне өз септігімізді тигізе аламыз. Міне, сондықтан да қазіргі таңда елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында түрлі жобалар мен бағдарламалар қолға алынған. Әсіресе, қаржылық жағынан қолдауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жаңа бизнес жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен кәсіп бастаймын деген қыз-келіншектерге де тренингтер мен шеберлік сабақтары өткізіліп, жеңілдетілген несие бағдарламалары мен қайтарымсыз гранттар жайлы ақпарат берілуде. Біз өз тарапымыздан аудан аумағындағы кәсіпкер қыз-келіншектердің дайын өнімдерін нарыққа өткізуге жәрдемдесу мақсатында жәрмеңкелер өткізіп отырамыз. Өңірімізде кәсіпкер әйелдерді қолдау арналған іс-шаралар әлі де жалғасын табатын болады.

Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі таңда көпбалалы аналар саны бойынша Түркістан облысы бірінші орында. Жалпы, алғанда облыс көлемінде 184 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істейді. Осылардың ішіндегі 45 мыңға жуық әйел шағын және орта бизнеске басшылық жасап келеді.

«TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында КММ-нің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 1507 бизнес-жоспар жасалған. Сонымен қатар, өткен жылы 1007 жоба сүйемелденіп, қаржы қаралған болса, оның 266-сы әйелдер кәсіпкерлігіне тиесілі болыпты. Осындай деректердің өзі қоғамымызда әйелдердің кәсіпкер болуға ерекше ден қоя бастағанын айғақтайды.

Қысқасы, қазақтың қыз-келіншектерінің қоғамның сан саласында белсенді еңбек етіп, нәтижеге, табысқа жетуі мені қуантады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *