Эквадорда ел тарихындағы ең жас президент сайланды
15 қазан күні Эквадорда президент сайлауының екінші кезеңі аяқталды. Онда ел парламентінің бұрынғы депутаты Даниэль Нобоа жеңіске жетті. Kazinform агенттігі бұл туралы DW-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Нобоаның сайлаудағы қарсыласы «Азаматтық революция» солшыл қозғалысының кандидаты Луиса Гонсалес болды.
Дауыстардың 90 пайызы саналып болғаннан кейін Эквадордың Ұлттық сайлау кеңесі Нобоаның жеңісін мерзімінен бұрын жариялады. Гонсалес қарсыласын жеңісімен құттықтады.
35 жастағы Нобоа – Эквадор тарихындағы ең жас президент.
Оның әкесі, кәсіпкер Альваро Нобоа да бұған дейін бірнеше рет президенттік сайлауға түскен.
Сайлауалды науқан кезіндегі сауалнамаларда кіші Нобоа аутсайдерлердің бірі болды, ал бірінші президенттік сайлауда ол небәрі 24 пайыз дауыс жинап, Гонсалестен жеңіліп қалған. Ол кезде кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыз дауыс жинай алмағандықтан, Нобоа екінші турға өтті.
Эквадорда президенттік сайлау мерзімінен бұрын өтті, оны 2023 жылдың мамырында қазіргі мемлекет басшысы Гильермо Лассо жариялады.