Мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік қызмет көрсетілуде
Жақында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Арыс елді мекенінде орналасқан ауыл округі әкімі аппараты мен «Аққу» ауылдық мәдениет үйінде болып, мекеменің қазіргі жай-күйімен танысты.
Аталған қос мекеме өзара ыңғайластырылған жайда орналасқан. Ауыл округі әкімі аппаратында 7 мемлекеттік қызметкер бар. Одан бөлек келісім-шарт негізінде 8 маман жұмыс істейді. Мекеме ғимаратында аудандық «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету» «Тең қоғам» коммуналдық мемлекеттік мекемесі орналасқан. Бұл мекеме аудандағы «Жалғызілікті қарттарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету», «Мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету» және «Күндізгі қатынау бөлмелері» құрылымдық бөлімшелері арқылы қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағыттарында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның бірі ретінде Отырар ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалынып жатқан жағдайларды айтуға болады.
Сондай-ақ, елді мекендегі әлеуметтік маңызы бар нысанның бірі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Аққу мәдениет үйі. 1967 жылы салынған ғимаратта аудандық Жастар ресурстық орталығы мен ауылдық кітапхана жайы орналасқан. Аталған нысанда ауыл округінде түрлі көпшілік мәдение іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.