АЭС электр энергиясын өндірудің тұрақты әрі сенімді жолы
Атом электр станциясы – электр энергиясын өндірудің тұрақты әрі сенімді жолы. Ол климаттың өзгеруіне және сол сияқты өзге де факторларға тәуелді емес. Бүгінде дүниежүзінде электр қуатын арттыру үшін атом энергетикасына тартылатын инвестиция көлемін барынша арттырып жатқан алпауыт елдер өте көп. Былай қарағанда, әлемде 100-ге жуық атом электр станциясы бар мемлекеттер бар. Олар да қазір АЭС салуға қызығушылық танытып отыр. Өйткені, бүгінде атом электр станциясы жаңа технологиямен, барынша қауіпсіз етіп салынады.
Біздің де елімізде атом электр станциясының болашағына алаңдаушылық білдіріп жатқандар баршылық. Ғалымдар мен зерттеушілер бүгінгі таңда бой көтеретін атом электр станицияларының барынша қауіпсіз болатынын айтуда. Бұған қызығушылық білдіріп, электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыру мақсатында атом электр станицясын салуды бастап кеткен елдер де қатары арта түсуде. Мәселен, Қытай, Ресей, Үндістан секілді мемлекеттерде АЭС бұрыннан бар. Дегенмен, ондағылар жаңа технологиямен тұрғызылатын атом электр станцияларына қызығушылық танытып отыр. Осылайша, олар бұл саланы жандандыруға ден қоймақ.
Орайы келгенде «Атом электр станциясын не үшін салуымыз қажет?» деген сауалға жауап бере кетуді жөн көріп отырмын. Біріншіден, атом электр станциясын салу арқылы біз экономикалық өсімге қол жеткізе аламыз. Екіншіден, атом электр станциясы бізге ұзақ мерзімді перспективада тиімді электр энергиясын өндіріп бере алады. Үшіншіден, атом энергиясы арзан болады. Төртіншіден, атом энергетикасы қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Ауаға парниктік газдардың, күкірт оксидтері немесе азот оксидтері сияқты зиянды заттардың таралуына жол бермейді. Міне, сондықтан да біз жоғары қуаттылыққа ие атом электр станциясын салу туралы бастаманы қолдауымыз керек деп білемін.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын» деген болатын.
Расында да елімізде жыл өткен сайын электр энергиясына деген тапшылық сезілуде. Соңғы жылдары елімізде облыстар мен қалалардың аумағы кеңейтіліп, көптеген өндіріс орындары мен шаруашылықтар іске қосылды. Бұл өз кезегінде электр энергиясына деген сұраныстың бұрынғыдан бірнеше есеге арта түсетінін аңғартады. Сол себепті бұл мәселені шешуде атом электр станциясын салудың тиімділігі мол болатынын айтқым келеді.
Амалхан Төлебек — журналист;