Келес ауданында мектептер жаңғыртылып, жайлы білім ортасы қалыптасуда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға айрықша назар аударып, бұл бастаманың 2025 жылдың соңына дейін 217 заманауи үлгідегі мектеп салу арқылы жүзеге асатынын атап өткен болатын. Осы маңызды саяси жоба аясында Келес ауданында да ауқымды жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, №1 Қ.Есімов және №4 Ж.Баласағұн атындағы мектептер кешенді жаңғыртудан өтуде.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев осы аптада №4 мектептің құрылыс барысымен танысып, инженерлік желілер мен сыртқы инфрақұрылымның сапасын тексерді. Құрылыс материалдарының барлық құрылыс нормаларына (БС стандарттарына) сәйкестігі, техникалық қадағалау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі және құрылыс мерзімінің нақты сақталуы – әкімнің ерекше назарында.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында орта білім беру жүйесінің еліміздің кадрлық әлеуетін қалыптастырудағы маңызын ерекше атап келеді. Президент жаңа мектептерде цифрлық технологияларды енгізіп, STEM кабинеттерін ашу арқылы оқу сапасын көтеруді де баса тапсырған болатын. Осы тапсырмаларға сәйкес Келес және Біртілек елді мекендерінде 300 және 600 орындық бірнеше жаңа мектептердің құрылысы басталды.
Қазіргі уақытта Қ.Есімов және Ж.Баласағұн атындағы мектептерде пилоттық негізде реновациялық жұмыстар жүргізілуде. Жаңғырту барысында ішкі инженерлік жүйелер толықтай жаңартылып, энергия үнемдейтін шешімдер енгізілуде. Бұл өзгерістер – білім беру инфрақұрылымын цифрландыру, инклюзивті дамыту және қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы нақты қадамдар.
Сонымен қатар, Парламент пен Үкімет тарапынан білім саласына қаржы бөлуді ұлғайту, мониторинг пен есептілік жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынып отыр. 2025 жылдың соңына дейін республика бойынша 1000 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Оның ішінде 89 мектеп мемлекет кепілдігімен және қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылмақ.
Келес ауданында атқарылып жатқан жұмыстар да осы жалпыұлттық саясатпен үндес. Жаңғыртылып жатқан мектептер балаларға цифрлық ортада білім алуға мүмкіндік беріп, ұстаздар үшін қолайлы әрі тиімді еңбек жағдайын жасайды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары 2025 жылғы жаңа оқу жылына дейін толық аяқталып, оқушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылмақ.
Бұл өзгерістер – ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыру, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашу бағытындағы маңызды қадам. Келес ауданындағы «Жайлы мектеп» жобасы шеңберіндегі реновациялық жұмыстар – мемлекеттік және жергілікті билік органдарының, Парламент пен Үкіметтің білім беру саласындағы стратегиялық тапсырмаларын іске асырудағы нақты нәтижесі.
Сондай-ақ, Біртілек ауылдық округінде 300 орындық екі мектеп пен мәдениет үйінің салынатыны хабарланды. Бұл – Келес ауданында білім мен мәдениетті қатар дамытуға бағытталған келелі жоспарлардың жалғасы. Аталған бастамалар өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп, болашақ ұрпаққа сапалы білім мен тәрбиенің берік іргетасын қалайды.