«Қоңырау шалсам бола ма?» : Шымкентте алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды

Шымкентте тұрғындардың телефонын алаяқтықпен жымқырып, ломбардқа өткізіп жіберген күдікті қолға түсті.
Қаратау АПБ-на Түркістан облысының тұрғыны алаяқтық туралы арызданды. Ол бейтаныс жігіт ұялы телефонын қоңырау шалу үшін сұрап алып, белгісіз бағытқа ізін суытқанын жеткізді. Кейін осыған ұқсас арызбен тағы бір азамат полицияға жүгінді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 720 000 теңгені құрады.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты «алаяқтық» бабы бойынша тіркеп, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы жігіт полиция басқармасына жеткізілді.
Тергеу барысында ер адам ұрланған смартфондарды ломбардқа өткізіп үлгергені анықталды. Сондай-ақ, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені белгілі болды.
Қазіргі таңда, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *