Референдумға санаулы күндер қалды

2024 жылдың 6 қазанында АЭС салу жөніндегі бүкілхалықтық референдум өтеді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқан болатын.
Осыған орай, Сайрам ауданы білім бөлімінің “Оқу-өндірістік комбинатында” кездесу өтіп, онда референдумның өту мақсаты және маңыздылығы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Кездесуге «Ауыл» партиясы Сайрам аудандық филиалының төрағасы Е.Жайлаубеков, «Семей ядролық полигоны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Ирисметов және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Р.Бекбосынов қатысып, жиналғандарға Референдумның маңыздылығын түсіндірді.

«Мемлекет басшысы өз жолдауында қоғамдағы қызу талқыланып жатқан мәселелерге арнайы тоқталып өтті. Соның ішінде Қазақстанда АЭС салу ісіне қатысты мәселені арнайы референдум арқылы шешу керектігін айтты. Ия, шынында, соңғы жылдары АЭС салу ісі қоғамды жиі талқыланып жүр. Бұл тақырып аясында ғалымдар, сала мамандары өз ойларын ашық айтып, пікірлерін білдіруде. Бірі қарсы болса, енді бірі Қазақстанға керек станца екендігін дәлелдеп жатыр. Сондықтан халықтың да пікірі екіге бөлініп тұр. Президент бұл мәселені халықтың талқысына салып отыр. Яғни, соңғы шешімді халықтың өзі қабылдауы қажет. Ол үшін елімізде референдум өтеді» — деді Е.Жайлаубеков.
Ал, Р.Бекбосынов АЭС елдегі энергия тапшылығын жоятындығын жеткізді.
«Мамандар қазірдің өзінде электр энергиясының жетіспеушілігі байқалып жатқанын айтуда. Болашақта елімізде инвестиция тартылып, ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сол жоспарды жүзеге асыру үшін тоқ көзінің қажеттілігі артатын болады. Сондықтан АЭС жобасы ауадай қажет деп айтар едім. Бүгінде АЭС туралы түрлі сұрақтарға жауап беру және түсіндіру жұмыстары республика бойынша жүргізіліп жатыр. Тұрғындар бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін және АЭС-тің еліміз үшін қажетті екенін де түсініп отыр. Себебі көмір станцияларымен барлық мәселені шеше алмаймыз. Соңғы шешім өздерінде, ең бастысы 6 қазан күні өтетін референдумға барып, өз таңдауларын жасауы қажет» — деді ол.
Кездесуде тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.

Сондай-ақ, іс-шара барысында энергия тапшылығын азайтуда атом электр станциясының маңыздылығы, оның елімізге қажеттілігі туралы сөз қозғалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *