Сайрам ауданында 8 елді мекеннің электр желілерін жаңалауға 80 млн теңге бөлінді
Сайрам ауданында электр желілерін жаңартуға 2023 жылы аудандық бюджет есебінен Қарабұлақ, Құрлық, Ақбастау, Манкент, Аққала, Жібек жолы, Қожақорған, Таскешу, Қарамұрт, Ақсукент, Қарасу елді мекендерінде тозығы жеткен электр бағаналары мен желілері ауыстырылып, трансформаторлар орнатылды. Одан бөлек, 8 елді мекенге (Қарасу, Ақбай, Аққала, Қарамұрт, Манкент, Низамабад, Көлкент, Қарабұлақ) электр жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2024 жылға облыстық бюджеттен 80 млн.теңге қарастырылды. Биыл құрылыс жұмыстары басталады.
Ақсукент, Қарасу, Көлкент ауылдық округі аумақтарындағы электр тапшылығын шешу мақсатында қосалқы станциясын салу үшін жобалық сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды (құны 1,7 млрд.тг).
Жалпы Түркістан облысында электр желілерінің ұзындығы 20700 шақырымнан асады. Сала мамандары ең алдымен мүлдем су, газ құбыры жоқ ауылдардың мәселесін шешуге басымдық беріле бастағанын айтады. Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың мәлімдеуінше, тұрғындарды сапады электр энергиясымен қамту кезінде жобалар әбден зерделеніп, ең алдымен өзекті өткір мәселелер шешімін табатын болады.