Бауыржан мен Шыңғысхан Анатолийдің ұлдары

Корей ұлтының өкілі Ким Анатолий қазақ тілінде еркін сөйлейді. Аудан орталығында «Тігін өнеркәсібі дамуының жолдары мен сырлары» атты тақырыпта отандық киім индустриясының дамуына үлес қосып келе жатқан «Алтын адам» тігін фабрикасының қызметкері Ким Анатолиймен кездесу өтті. Оның қазақ тіліне жетік екенін біз сонда аңғардық.

Ким Анатолийді көргеннен-ақ оның корей ұлтының өкілі екенін білгенбіз. Содан кездесу орыс тілінде өтетін шығар деп топшылап отырған едік. Кейіпкеріміз қазақ тілінде анық сөйлей бастағанда, көрермен болып отырғандар бір-бірімізге қарап таңданысымызды білдірдік. Кіріп келгеннен-ақ «Сәлеметсіздер ме?» деп амандық сұрасқанда оның тілді қаншалықты меңгергеніне мән де бермеген едік. Енді бізбенен еркін тіл табысып кеткеніне сүйсіне бастадық.

Ким Анатолий бізді тігін цехының ішіне алып кірді. Ондағы жаңа техникалар мен тігін машиналарымен, жалпы фабриканың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Ким Анатолий 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген екен. Ата-анасының да корей ұлтының өкілдері. Анатолий өзі мектепте орыс тілінде оқып, білім алған. Кейіннен мектепті бітірген соң колледжге оқуға түсіп, ол жерде де орыс тілінде білім алады. Кішкентайынан қазақ балаларымен араласып, жиі кездесетін болғандықтан, оған қазақ тілінде сөйлеу о бастан қиындық тудырмағанға ұқсайды.

Ким Анатолий бүгінде отбасылы. Қазақ қызымен шаңырақ көтерген. Бауыржан, Шыңғыс хан есімді екі ұлы өсіп келеді. Мұсылманның шарты бойынша ұлдарын сүндетке отырғызып, қазақтың салтымен сүндет той да жасапты.

Кейіпкеріміз аңқылдаған жігіт екен. Кездесуге келген әрбір адаммен жеке-жеке танысып, жылы қарым-қатынас орнатып, олардың сұрақтарына жауап жауап берді.

— Қазақта «Бір күн ас ішкен жеріңе 40 күн сәлем бер» деген сөз бар. мен осы елде туып-өстім. Ержеттім, отбасын құрып, балалы-шағалы болып отырмын. Сондықтан, қазақ тілін білуім керек. Біліп қана қоюым жеткіліксіз, сол тілде еркін сөйлесе алуым да керек деп білемін, — дейді Ким Анатолий.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *