Аида тоқыма өнерінің хас шеберіне айналып келеді

Қазығұрт ауданы Көкібел елді мекенінің тұрғыны Аида Сейдалы өткен жылы 1 380 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған болатын. Көпбалалы ананың тоқыма өнерімен айналысқанына тоғыз жылдан асыпты.

— Тоқыманы әпкемнен үйрендім десем болады. Әпкемнің тоқыған бұйымдары менің осы өнерге деген қызығушылығымды арттырды. Қолыма жіп алып тоқи бастағанда бастаған затымды аяқтағанша асығатын болдым. Сондай-ақ, тоқыма мені күйзелістен де арылтты. Кәдімгідей миым тынығып қалады. Кейіннен өнерімді дамыту үшін «Ютуб» каналы арқылы кәнігі тоқымашылардың дәрісін қарадым. 2022 жылы тоқымашы Гүланда Жөкештің онлайн курсына қатысып, нарықта сұранысқа ие бұйымдарды қалай тоқудың қыр-сырын үйрендім. Сөйтіп, шеберлігімді дамыттым, – дейді Аида.

Ол былтыр мамыр айында үйінен кішігірім шеберхана ашып, өзі де ауылдағы қыз-келіншектерге тоқыма өнерін үйрете бастады. «Ютуб» каналына шеберлік сабақтарын жүктеп отырады. Бүгінде тоқыма өнеріне жаңадан қадам басқан жас тоқымашылар салфеткалар, кардиган, сөмке, моншақтан жасалған сөмке, үйге арналған сүйретпелер, аяқ киімдер, қуыршақтардың тоқылу жолдарын Аидадан үйреніп келеді.

— Бүгінде өзімнің авторлық қуыршағымды шығардым. Мені қолдаған жолдасыма алғысым шексіз, — дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, Қазығұрт ауданында «Бастау бизнес» жобасы бойынша 220 адам жаңадан қысқа мерзімді кәсіпті игеру мақсатында арнайы оқудан өтті. «Бизнес идея» бойынша 90 адам қайтарымсыз грант жеңіп алып, өз кәсіптерін жүргізуде. Ауданда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның аясында жұмыс орындары субсидияланды. Кәсіпкерлерді қолдаудың нәтижесінде былтыр тұрақты және уақытша жұмысқа барлығы 3 071 адам орналастырылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *