КРИМИНОГЕНДІК ЖАҒДАЙ МЕН ТАСҚЫНҒА ҚАРСЫ ШАРАЛАР БАЯНДАЛДЫ
Түркістан қаласы әкімінің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиында қаладағы криминогенді ахуал мен төтенше жағдайға дайындық барысы баяндалды.
Өкінішке қарай, өткен жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 16 пайызға өскен. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасайтын қылмыстық істер де азаймай тұр. Әкімшілік полиция бөлімі өткен 12 айда 122 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, айыппұл салған.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстың алдын-алу бойынша жұмысты күшейте түсуді тапсырды.
Жиында күн тәрітібіндегі екінші мәселе көктемдегі су тасқынының алдын-алу шаралары және жылыту маусымы кезіндегі өзекті мәселелер қаралды. Қала аумағындағы су тасқынының алдын-алу мақсатында Шаға арнасын қалпына келтіріп, Шошқакөл ойпатына қосу үшін қаржы қаралып, 2 шақырым жерге бетондау жұмыстары жүргізілді. Ақпан айында тағы жалғасатын болады. Жалпы, қала бойынша жағдай тұрақты.
Газ инспекциясы мамандары 2024 жылы көгілдір отынды қолданып отырған 31 125 тұрғын үйге тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 1234 абоненттің газ құрлығыларын дұрыс қолданбай отырғандығы анықталған. Кемшілік анықталған үйлерге жауапты мекемелер тарапынан ескерту берілді.