Өрнекті көрнекті еткен ару
«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты қоғамның ең белсенді деген қыз-келіншектерін ортақ мақсат аясына біріктіруді мақсат тұтады. Әйелдер бастамашылдығын қолдауда, олардың іскерлік қарым-қабілетін қоғамның ілкімді дамуына бағдарлауда, әйелдердің елдің саяси өміріне тең қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуде және мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қыз-келіншектердің қатысуын кеңейтуде партияның өңірлік филиалдары жанынан Әйелдер қанаты құрылғаны белгілі.
Қыз-келіншектеріміз өз кәсібін ашып, өркендетіп отырған негізгі салалардың бірі – тігін өнеркәсібі. Алтын саусақты аруларымыздың шеберлігімен ұлттық қолөнеріміз жаңғырып отыр. Асыл тастан сән бұйымын паш халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы.
Он саусағынан өнері тамған ісмер аруларымыздың бірі – Райхан Нұрымқызы Мырзаева. Шардара ауданында тұратын шебер 35 жылдан бері тігіншілік кәсіппен айналысады. Бастапқыда ауылдағы шағын цехта тігінші болып бастаған еңбек жолында тігіншілік өнердің қыр-сырын меңгерумен қатар өндірісті ұйымдастырудың амал-тәсілдерін үйренді. Бойында бар талантын өлшеп-пішіп, 1999 жылы тәуекелге бел буып өз кәсібін ашады.
Аудандағы шағын тігін цехы араға жылдар салып, үлкен кәсіпорынға айналды. Райхан Мырзаева 2018 жылы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық ұйымының негізін қалап, мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерді тігіншілік өнерге үйретуді қолға алады. Қайырымды ісінің қайырымы артып, осылайша кәсіпорынның берекесі арта түсті. Тапсырыс көлемі еселеп, қарқын алған кәсіпорын 2022 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмысқа қабылдай бастады. Бүгінде мұнда 100 адам еңбек етіп, берекелі ұжымға, ауызбіршілігі бар ұйымға айналып отыр.