Алтынтаудың аруы еді әз ана….

Адамзат баласын өмірге әкелген аналар туралы қанша өлең, әңгіме, роман жазсақта артық болмас. Өйткені ана-өмірдің шырағы. Отбасының берекесі, қара шаңырақтың қасиетті ұстыны. Өмірдің қайнар бастауы анадан басталады. Ана тіршіліктің нәрі, отбасының әрі, ақ сүтімен әлемге ғұмыр сыйлаған ана деген қастерлі атты алып келе жатқан аналар құдіретіне бас имейтін жан болмас. Кешегі соғыс өрті қаулаған, қанды қасап, ашаршылық пен жоқшылық жылдары баласын арқалап, еңкейе жүріп масақ теріп, кетпен шауып, егіс еккен аналарымыздың қайсар ерлігі елдің есінде, елдіктің тарихын құрметтеген сіз бен біздің есімізде. Ұлы ұлтымыздың ертеңін ойлаған асқақ рухты аналар бейнесі мәңгі жадымызда.

Өткен жылы еліміздің басты басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде «Шеше, сен бақыттысың, жыламағын…» деген тақырыппен айқара бетті керемет материал жарияланды. Сонда алтын құрсақты анадан туып, небір аңыздар мен әңгімелердің, өлеңдер мен дастандардың, жан дүниеңді тербейтін күйлердің авторлары атанған тұлғалар жайлы деректер жазылған екен. Осы игі бастаманы іліп әкетіп таяуда өмірден өткен, соңынан тұлғалы азаматтарды қалдырған Гүлстан қажы апамыздың жарқын бейнесін еске алып, өнегелі жолын, аналық кескін келбетін барынша паш етпекпіз. Сәрсекқызы Гүлстан қажы 1937 жылы Алтынтау ауылында елге танымал, ертеректен хат таныған діндар отбасында дүниеге келген. Заманының заңғары, аузы дуалы, Шалданбай әулиенің ұрпағы болған.

Ол кісі ғұмырында иығынан қара кетпені түспеген диқан, бағбан, әрі аңшы болыпты. Аузынан «Алласы» түспеген барынша қарапайым, кішіпейіл екен. Шалданбай әулие алып денелі кісі болыпты. Қыста ауылын аңмен асырапты. Небір үлкен арқарларды иығына салып келіп, үй алдына тастай салатын көрінеді. Ауылдастары бөліп-бөліп әкете береді екен. «Оу, ағайын, бізге де көже қатық берсеңдерші» деп, кейіннен үй аралап қайта сұрап жүретіні елге аңыз болған. Ел ішінде әсіресе, ол кісінің қайырымдылығы көп айтылады. Көптің қамын өзінің жеке мүддесінен жоғары қойған. Бәрін сауап үшін істеген. Ол дүниеніңде, бұл дүниеніңде қамын жеген. Алтынтау өзенінің жағасын қара орманға айналдырған. Алма, өрік, жиде, тұт, алмұрт секілді жеміс ағаштарын отырғызған

Шалданбай әулие тірі кезінде-ақ әулие атанған. Ол әуелі дәулет дарытушы диқан атасы, тәртіпке шақырушы рух иесі.  Әділеттілігімен, еңбекқорлығымен, қайсар қаталдығымен ел есінде қалған әулие. Бойында, рухында қасиеттері өте көп. Баба Түкті Шашты Әзіз секілді перзент сұрағандарға шапағаты тиеді. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, талма кесел, жын мен пері соққан адамдарды алып келіп, түнетеді екен. Ол кісінің басында үлкен қараталы болыпты, кездейсоқ бұтағы сынса, сол жерден тамшылап қан тамып тұрады екен. Ел жиылып құдайы жасап, талдың сынған жеріне киіз күйдіріп басып, әлгі қан сап тыйылады екен. Жоғарыда аталған ауруларды осы талға байлап тастайды екен. Әуелі аурудың жібін шешіп, қолына беріп: «Шырағым бара ғой!» деп кәдімгідей тілдесетін көрінеді, ауырған адам жазылып кетеді екен. Айта берсе ол кісі туралы аңыз көп. Сондай қасиетті кісінің ұрпағы Гүлстан апа Алтынтаудың құт дарыған қойнауында бұла өседі. Бойжетеді. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол бала жасынан қарапайым, адал, адамдық пен арын өзі туған Алтынтауындай саф ұстайды. Гүлстан апамыздың өз атасы Арқаш, әкесі Сарсек әкесінін ағасы Әден кезінде үшеуі үш колхозды басқарып тұрғанда әулиенің ұрпағы деп арыз жазылып, 1938 жылы қамалып кетеді. Әденнің әпкесі Рұхсан, Сәрсектен Гүлстан қалады. Сол қамалғаннан ол кісілер оралмайды. Гүлстанның анасы Әнет апа 4-5 жастар шамасында қайтыс болады. Гүлстан Рұхсан әпкесі екеуі үлкен әжесі Айымхан мен  Әден көкесінің  үйіндегі апасы Алмаш апаның тәрбиесінде өседі.

1956 жылы Гүлстан анамыз Созақ ауылына Мақұлбек датқаның баласы Мақұлбеков Пернебаймен отау құрады. Пернебай көкеміз ширек ғасырдан астам Созақ кәсіптік техникалық училищені басқарған азамат. Жас отбасы ақсақалды абыздардың  батасын алып, ел сыйлайтын, салихалы отбасы ретінде қалыптасады. 1959 жылдың маусымында тұңғыш ұлдары Бәйгебай (Бәкен) өмірге келеді, Бәйгебай жастайынан өте зерек, әрі зейінді, парасатты  бала болып өседі. Бәйгебай өз білімінің арқасында Алматы энергетикалық институтын үздік бітіріп шығып, бүгінгі таңда жоғары лауазымды қызметтерді ақтарып келеді. Шымкент қалалық әкімдігінің энергетика және коммунальдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары, «Саңғыл би» қоғамдық қорының экс президенті. Созақ ауданының құрметті азаматы. Қашанда Мақұлбековтер әулетінің қамқоршысы, қолдаушысы. Әке орнына әке болған үлкен әулет үшін кемеңгер тұлға. Екінші ұлдары Талғат  1961 жылдың мамырында дүниеге келеді. Жоғары оқу орнын Ташкент қаласында үздік бітіріп біршама жоғары қызметтерді атқарып, қазіргі таңда кәсіпкер. Үшінші ұлдары Бақытжан 1964 жылы дүниеге келеді. Жоғары оқу орнын Алматы медициналық академиясын үздік бітірген. Білікті дәрігер-хирург. Бақытжанның отбасын дәрігерлер династиясы деуге әбден болады. Себебі жары Айсұлу, қызы Балнұр, күйеу баласы Ернар медицина саласының білікті мамандары, Төртінші қызы Раушан 1966 жылы дүниеге келген, фармацевтика саласының білікті маманы. Біршама фармацевтикалық ірі компанияларда жоғары лауазымдарды атқарып келеді. Бесінші перзенті Райхан 1968 жылы дүниеге келген. Өз саласы бойынша қызмет атқарып келеді. Жоғары оқу орнын Алматы қаласында инженер-технолог мамандығын үздік тәмамдаған. Алтыншы перзентері Гүлнұр 1971 жылы дүниеге келген. Жоғары оқу орнын Шымкент қаласында үздік оқып, бүгінгі таңда ірі кәсіпкер, аудандық іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Жетінші перзенттері Бауыржан 1975 жылы дүниеге келеді. Бауыржан Алматы, Шымкент қалаларында  жоғары оқу орындарын үздік бітірген. Созақ ауылдық мұнай айдау станциясының механигі, кәсіпкер. Қара шаңырақтың иесі. Пернебай көкемізбен мен Гүлстан анамыздың кенжесі, еркесі Ержан М. Әуезов атындағы мемлекеттік университетін «Кеден ісі» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, өз саласы бойынша 15 жыл еңбек етті. Қазіргі таңда заманның талабына сай ауыл шаруашылық саласының кәсіпкері. 2013 жылы әулие Шалданбай, Әлдекей аталарының асыл армандарын орындау үшін Гүлстан анамыз ұлы Ержанмен бес парыздың бірі қажылық сапарына барады.  Гүлстан қажы дана халқымыз айтып өткендей ұрпағымен мың жасайды. Бұл сөзді тегін айтып отырған жоқпын. Бүгінгі таңда Гүлстан қажы анамыздың 28 немере, 29 шөбересі бар. Келіндері Айгуль, Марияш, Айсулу, Рыскул, Салтанат қажы енелерінің тәрбиесін, ұлағатты сөздерін естіп оны өмірде пайдаланып келеді. Мақұлбековтер әулетін көбейтіп, қазір өздері келін түсіріп, қыз ұзатып енелері Гулстан апа салған сара жолмен немерелер сүйіп отыр.
Ал күйеу балалары Марғұлан (марқұм), Ұлан, Нұрлан туған балаларындай болды. Гүлстан анамыздың саф алтындай тәлім- тәрбиесінің арқасында ұл- қыздары елдің алдында абыройлы азаматы мен азаматшалары бола білді және тал бесіктен берілген тәрбиенің арқасында ата- ананың адал үмітін ақтап шығу жолында халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Марқабай, Марқаштан тараған немере бауырлары Патима, Күласал, Күлайым, Күлшат, Серікбай, Амантай бауырларымен көздерінің  тірісінде бір әке бір шешеден  туғандай болып араласты. Қазір сол араласуды ұрпақтары жалғастырып нағашы, жиен, бөле болып араласуда. Ол да текті жерден шыққан аналарынын тәрбиесі болса керек. Гүлстан анамыз асыл жары, асқар тауы Пернебай көкемізбен бірге замана ызғары салған қаншама қиындықтарға төтеп берді. Жаһанда жақсылықтың жаршысы бола білген анамыз жарының және қайын жұртының ризашылығын алған абзал ана еді. Кез-келген адам баласына мейірімін шашып тұратын, күн нұрындай шуақты адам еді.

Иә, бәрі де Тәңірдің иелігінде, пенде соған құлшылықпен, асқан сеніммен, рухани үмітпен қарайды. Аспан төріне қарасам ақ шарбы бұлттар Гүлстан апамның аппақ орамалындай желбіреп Алтынтауды беттеп барады екен.

Мақсат Қарғабай,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *