Сәуле ғұмыр: 40 жыл бойы кітапханада қызмет еткен созақтық келіншектің еңбек жолы жастарға үлгі болды

1981 жылы Алматы қаласындағы қазақтың қыздар педагогикалық институтының кітапхана факультетін бітіріп келген жылдан бастап Созақ аудандық орталық кітапхана жүйесінде қызмет атқарып келген Сәуле Бораншының еңбек жолдары кім-кімге зор үлгі өнеге. Бір мекеме тапжылмай, 40 жыл еңбек етіп, биылғы жылы 60 жасқа толып мәртебелі абыроймен зейнеткерлікке шығып отырған білікті маманның ерен еңбегін ел біледі. Қашан көрсең де аудандық кітапханаға келген жаңа кітаптарды ең бірінші болып парақтайтын, оны оқып шығып аудан оқырмандарына таныстырып, қай кітаптың болмасын мәні мен мазмұнын толықтай жеткізіп отыратын Сәуленің нұрлы сәулесі айналасына шуағын төгіп тұрады. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында кітапхана ұжымы «Сәуле ғұмыр» атты көрме даярлап, ол көрмеде қырық жылдық еңбек өтілі бар белді кітапханашының іс тәжірибелерінен құралған стенділер  мен Сәуле туралы елдің айтқан, жазған пікірлерін барша оқырмандар назарына ұсынған. Бұл қабырғалы көрмеде сондай-ақ деректер мен әр жылдры өткізген, ұйымдастырған шараларының фотосуреттері де көркемдеп ілініпті.

«Библиографтың асқары, еңбек жолы дастаны» атты тақырыппен өткізілген бенефисте аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғайша Балаубекова қарындасымыз мен аудандық орталық кітапхананың басшысы Сабыр Батырбеков ағамыз шара кейіпкері Сәуле Маханбайқызына аудан әкімі Салыхан Полатовтың құттықтау хаты мен сыйлығын салтанатты жағдайда тапсырды. Кешті көркем, шынайы сипатта жүргізген Бақшагүлдің жасаған сценариі бойынша «Мыңжылқы» мәдениет сарайының директоры Нұрбек Сейілбек,  кітапхана ардагерлері Әтіркүл, Альмара, Зылиха апайларымыз құттықтау үшін сахна төріне озды. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары атынан, аудандық басылым ұжымының атынан мен де өз тілегімді  жеткізуге тырыстым. Карантин ережесін сақтай отырып, өткізілген шарада ауданның кент, ауылдары мен елді мекендерінен келген, кітапхана майталмандары Жансұлу Қуанышбаева, кітапхана ісінің озат көшбасшылары Гүлнар Өмірбек, Айтбала Қыстаубаева, Анарбек Әбілда бастаған, орта буын кітапханашы қыздар Зәбира, Гүлназ, Айгүл, Күлпаш, Гүлнар, Айнұр және тағы басқа да баршасы жүрекжарды құттықтаулар тілектерін айтып, той иесіне арнайы әкелген естелік сыйлықтарын тапсырды. Арасында «Мыңжылқы» мәдениет сарайының әншілері, өнерпаз кітапханашы сіңлілері қосыла әуелете ән салды. Екі сағатқа созылған мәдени көпшілік шарада Сәуле апайдың ерен еңбек жолы мен өнегелі істері, кітапхана өміріндегі алған орны, елге еткен берекелі бейнеті туралы өз ойларын ортаға салмаған жан қалмады десек те болады. Қарапайым отбасында дүниеге келіп, қараша халықтың көкірек көзін ашу жолында тынбай тынымсыз 40 жылдан астам еңбек еткен жанның жүріс-тұрысы, байыпты сөзі, салмақты пікірі, салихалы еңбек жолы жас буынға айтарлықтай өнеге мектебі екені анық. Астана, Алматы қалаларындағы білімін жетілдіру арнайы орталықтарынан өз саласы бойынша білімін нықтай түскен маман, оқып, үйренген тәжірибелерін ел игілігіне жұмсады. Аяулы ана, ардақты ару, асыл жар, инабатты келін, зайырлы замандас, ұлағаты ұстаз, майталман маман Сәуле Бораншы туралы қалай айтсақ та жарасары анық. Созақ ауданының нағыз Құрметті азаматшасы деп Сәуле апайды батыл айта аламыз.

-Жақсыларым! Бүгінгі менің құрметіме ұжым болып ұйымдастырған шараға келіп қуанышымды бөліскен оқырмандарым мен әріптестерімді  осылай атасам орынды болар. Осы кітапханаға келгенімде жиырма жасымда келіп, Айжамал апайдың басшылығымен көптеген мәдени-көпшілік шаралардың басы-қасында жүріп өмір мектебінен өттім. Бұл кітапхана менің екінші үйім десем артық болмас,-деген Сәуленің сөзі залда отырған әріптестерінің көңілін тебірентіп, көзіне жас алғызды.

Қазақстан Республикасы Президентінің, Облыс әкімінің Алғыс хат иегері, кітапхана ісінің озық қызметкері, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» сияқты бірнеше төсбелгілердің иегері, республикамызға көптеген іс тәжірибесі таратылған, білімді кітапханашы, білікті мамандық иесі Сәуле Бораншының құрметіне арналған шара естелік суреттерге түсумен өз мәресіне жетті.

Мақсат Қарғабай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *