«Кәсіптің үлкен-кішісі жоқ»
Муслима Рахымжанқызының есімі арыстықтарға жеке кәсіпкер ретінде жақсы таныс. Муслима Фазылқызының бүгінде бірнеше кәсібі бар. Кәсіптің қай түрін болсын меңгеріп, оны қалайда алға қарай дөңгелетіп алып кетуге болатын жолды іздеуден тайынбайтын, әрқашан алдына қойған мақсатына жетуге талпынатын кейіпкерімізбен жақынырақ танысып, сұхбаттасқан едік. Әңгімемізді Муслима Рахымжанова төрайымдық ететін қалалық іскер әйелдер кеңесінің жұмысынан бастадық.
— Муслима Фазылқызы Арыс қаласында іскер әйелдер кеңесі қай жылы құрылды?
— Арыс қалалық іскер әйелдер кеңесі 2015 жылы құрылды. Бүгінде кеңес құрамына 77 әйел мүшелікке тіркелген. Ал, жалпы бұл өңірде 350-ден астам іскер әйел бар деуге болады. Кеңес тарапынан көбіне жас қыз-келіншектерге қолдау білдіруге тырысамыз. Кәсіп бастағысы келетіндерге мемлекет тарапынан қандай конкурстарға қатысуға болатынын және қандай көмектер берілетінін айтып, кеңес береміз. Өздеріңізге де белгілі, қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға барынша көңіл бөлінген. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да кәсіп иелеріне жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Одан бөлек түрлі кәсіптік жобаларын қорғап, қайтарымсыз несие мен грант ұтып алып жатқан қыз-келіншектер де аз емес. Қысқа мерзімді оқу курстары да шаштараз, аспаз, тігінші болғысы келетін қыз-келіншектерімізге үміт сыйлады.
Жалпы қала аумағында тұратын қыз-келіншектердің жұмыс істеп, табысты болуына бірден-бір көмек беретін осы біздің кеңес деуге болады. Іскер әйелдер кеңесі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған. Сондықтан, аталмыш кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы болып саналады және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық палата Жарғысына, осы Ережеге және Ұлттық палатаның басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
Сонымен құатар, төрайым мен Кеңес мүшелері өз қызметін тегін негізде жүзеге асырады. Кеңес мүшесі мүшелігін өз еркімен, Кеңес Төрайымына мүшелікті тоқтатуға дейін 15 (он бес) күнтізбелік күн бұрын хабарлама жолдау арқылы тоқтатуға құқылы. Айта кетейік, кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), Ұлттық палатаның мүшелері мен басшылық қызметкерлер, түрлі саласы бойынша сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады. Кеңес құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
— Ал, енді осы іскер әйелдер кеңесінің мақсаты мен міндеттері жайында айта кетсеңіз…
— Кеңес Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері: Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту; Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру; Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру; Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау; Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу; Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу; Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу; Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту.
Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін өзінің құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін келісімшарттық негізде тиісті саланың мамандары мен сарапшыларын тартуға; бекітілген заңнама және Ұлттық палатаң ішкі құжаттарының тәртібінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы.
— Муслима Фазылқызы өзіңіз жайлы да айтып өтіңізші, қайда жұмыс істедіңіз? Кәсіпке қалай келдіңіз?
— Менің жиһаз бен тұрмыстық техникаларды сататын сауда орталығым бар. Қазіргі таңда 45 орынды балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп ашудамыз. Кішігірім жиһаз цехымыз да іске қосылып, жиһаз жасап жатырмыз. Бұған дейін 38 жыл байланыс инженері болып жұмыс істедім. Түркістан, Арыс қалаларында «Қазақтелекомда» АТС деген бөлімде, монтер, механик, инженер болып қызмет атқардым. Кәсіпкерлікті сол байланыс торабында қызмет атқарып жүріп бастадым. 1995 жылы сауда саласына бет бұрдым десем болады. Содан 2005 жылы Арыс қаласында алғаш рет «Түркістан», 2010 жылы «Түркістан-1» үлкен сауда орталықтарын аштым. 2005 жылдан бастап бірнеше банктің Арыс қаласында филиалдарының ашылуына мұрындық болып, халықтың несие алуы үшін Шымкентке немесе Түркістанға барып жүрмеуі үшін осындай жағдай қарастырдым. Елге аз да болса пайдам тисін деп ойладым.
Жалпы мен кәсіпкер ретінде аудандағы барлық іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене түрде қатысамын. Бүгінде қалалық іскер әйелдер кеңесі мен «Арыс қалалық Әйелдер кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің төрайымымын. Қоғамдық бірлестікте қанша шет ел жобаларын, Қазақстан жобаларын ұтып, тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге оқу курстарынан өтіп, жұмыс істеп, табыс табуына, өз кәсібін ашып, басқаларға орындарын ашуына жағдай жасап келеміз.
— Бүгінде ауыл әйелдері кәсіптің қай түрімен айналысады?
— Қалада тұратын қыз-келіншектер көбіне сән салондарында, кондитерлік цехтарда жұмыс істейді. Ал, ауылды жерлерде тұратын әйелдер мал шаруашылығымен де айналысып, сүт өнімдерінен ірімшік, қаймақ, май жасап, табыс табады. Меңінше, кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Оның қай түрі болсын оны сүйіспеншілікпен жасай алу керек. Ең бастысы осы. Сонда ғана кәсіпкер жетістікке жете алады.
Мен көбіне кәсіпкер әйелдердің басын қосуға тырысамын. Мерекелік кештер ұйымдастырып, әртүрлі іс-шараларға жиі шақырамын. Себебі, олар бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алуы керек. Жақын араласып, кеңесіп отыру да маңызды рөл атқарады. Мәселен, 8 наурыз халықаралық әйелдер мейрамында, жаңа жылдық кештерде кәсіпкер әйелдер қала әкімінің, қалалық мәслихат депутаттарының, Аманат партиясы мен Атамекен кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің алдында өздерінің жылдық есептерін беріп, алдағы жоспарларымен бөліседі. Өйткені, олар кәсіпкер ханымдарымыздың нендей шаруамен айналысып жатқанын, кәсіпкерінің тыныс-тіршілігін, жетістіктерін толығырақ білсе екен деймін. Қала әкімі өзінің тарапынан оларға Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстап, ынталандырып отырады. Мұның өзі де кәсіпкер әйедер қатарын арттыруға, қыз-келіншектердің өзінің сүйікті ісімен айналысып, табыс табуына құлшыныстарын оятады.
— Әңгімеңізге көп рахмет, ісіңіз алға баса берсін!