Жаңа заң әйелдер мен балалардың құқығы қорғайды
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Заңға енгізілген нормалар қатарында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылатыны, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершіліктің қатаңдатылатыны айтылған. Сондай-ақ, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалған. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқармақ. Енгізілген осындай және өзге де түзетулер қоғамда қызу талқыға түсті.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қоғамымызда әйелдер мен балаларға қатысты кез-келген сипаттағы зорлық-зомбылықтар көбейді. Сондықтан, аталмыш заң жобасы дер кезінде қабылданып, күшіне енді деп білемін. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру құптарлық бастама дер едім.
Сонымен қатар, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл да бүгінде қоғамымызда өзекті мәселелердің бірі еді. Міне, осы және өзге де заңдар бүгінгі күн талабынан туындап отырған міндеттер үдесінен шығары сөзсіз.
Ақниет Жұмашева,
көпбалалы ана.