Жолдау жүктеген міндет: Ордабасыда «Келешек» мектеп бағдарламасы жүзеге асуда
Ордабасы ауданында білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан іргелі жобалар мен жаңашыл бастамалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторы болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім саласын одан әрі дамытуға, білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударылғаны белгілі. Осы тапсырмалардың негізінде Ордабасы ауданында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында бірқатар жаңа оқу орындары бой көтеріп, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Биыл Ақбұлақ ауылында 300 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұл мектеп «Келешек мектеп» бағдарламасының талаптарына сәйкес заманауи жабдықталған және оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын пәндік кабинеттер, спорт залдары, мәдениет және шеберлік залдарымен қамтамасыз етілген. Мұндай оқу орындарының ашылуы ауылдық жерлерде білім алушыларға сапалы білім беруді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, жаңа мектеп үш ауысымды оқу мәселесін шешуге ықпал етеді, бұл өз кезегінде оқушылардың оқу жағдайын жақсартады.
Темірлан ауылында жеке кәсіпкердің демеушілігімен салынған «Өркен» бастауыш мектебі де оқушыларға есігін ашты. Бұл мектеп ауданның білім беру инфрақұрылымын нығайтып, шағын ауылдық елді мекендердегі білім сапасын көтеруге бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр. Жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан осындай бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестіктің жемісті көрінісі. Сонымен қатар, Қызылжар ауылындағы 300 орындық жалпы орта мектебінің жаңа оқу корпусы да пайдалануға берілді. Бұл оқу нысаны да оқушылардың қажеттіліктеріне сай жабдықталып, білім беру үрдісінің сапасын арттыруға жағдай туғызады. Орта мектептерде заманауи технологиялар мен педагогикалық әдістемелерді енгізу арқылы жас ұрпақтың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін дамыту көзделген.
Ордабасы ауданында жалпы 76 мектеп пен 61 балабақша жұмыс істейді. Олардың желісінде 36 990 оқушы білім алса, 4 517 мұғалім еңбек етуде. Биылғы жаңа оқу жылында алғаш мектеп табалдырығын аттаған 3 964 бүлдіршін – болашақ Қазақстанның интеллектуалды ұрпағы. Бұл көрсеткіштер өңірдегі білім беру саласының дамуының тұрақты әрі жүйелі екенін көрсетеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Бадам ауыл округіне қарасты Ақбұлақ ауылында ашылған «Болашақ» мектебі де білім беру инфрақұрылымын жақсартуда маңызды қадам болып табылады. Жоба аясында салынған бұл мектептер оқушыларға жайлы және қауіпсіз орта құрып, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында білім беру жүйесін жетілдіру арқылы жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, заманауи технологияларды енгізуді, сондай-ақ ауылдық жерлердегі білім беру сапасын жақсартуды басты мақсаттар ретінде атап өтті. Ордабасы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар осы міндеттерді орындауға бағытталған нақты әрі маңызды қадамдар болып табылады. Мұндай жобалар ауылдық жерлердегі білім сапасын арттырып, жастардың өз елінің дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа мектептерді салу мен инфрақұрылымды жақсарту мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оларға қажетті жағдай жасауға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде педагогтардың біліктілігін арттыруға, оқушыларға заманауи білім беру әдістемелерін енгізуге септігін тигізеді. Жаңа оқу орындары оқу үрдісін жаңғыртып, білім беру саласындағы интеграциялық үдерістерді жетілдіруге жол ашады.
