Жолдау жолымен: Түлкібас тіршілігін түлеткен жобалар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған әрбір Жолдауында ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап, әлеуметтік-экономикалық өркендеудің басты басымдықтарын атап өтеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыспен қамту, өңірлердің әлеуетін арттыру мәселелері тұрақты назарда. Президенттің 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да экономикалық өсім мен азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тың бастамалар ұсынылды. Бұл міндеттер бүгінде еліміздің барлық өңірінде нақты істермен жүзеге асуда. Соның жарқын мысалы – Түлкібас ауданындағы «Alty Köl» жобасы мен мемлекеттік грантты иеленген кәсіпкерлердің бастамалары.

Түлкібас – табиғаты әсем, ауа райы қолайлы өңір. Мұндағы табиғи байлықтар мен еңбекқор халықтың әлеуеті ауданның дамуына зор үлес қосуда. Соның бірі – кәсіпкер Ғабит Пернебаевтың бастамасымен қолға алынған «Alty Köl» экотуристік жобасы. Бұл жоба Мемлекет басшысының экотуризмді дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және өңірлік экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларымен толық үндеседі. Ғабит Пернебаев иелігіндегі 10 гектар жердің 5 гектарына 6 жасанды көл салып, қазіргі таңда екі көлге 10 мың дана форель мен бекіре шабақтарын жіберіп үлгерген. Жақын арада қалған көлдерге де балық түрлері жіберіліп, экожүйе біртіндеп қалыптасатын болады.  Жобаның ерекшелігі – табиғатпен үйлесімділік. Қалған 5 гектар аумаққа қауын-қарбыз, жүгері, алма және сәндік ағаштар отырғызылған. Бұл кешен бір мезгілде туризм, ауыл шаруашылығы және экологиялық мәдениетті қатар дамытуды көздейді. Қазіргі таңда жоба аясында 5 отбасы тұрақты жұмыспен қамтылған болса, болашақта 30-35 адамға дейін еңбек ету мүмкіндігі қарастырылып отыр. Этноауыл, демалыс үйлері, зообақ, амфитеатр, туристік маршруттар мен атпен серуендеу сияқты қызмет түрлері іске қосылғанда, бұл нысан тек аудан емес, бүкіл өңір үшін тартымды туристік кластерге айналмақ.

Бүгінге дейін жобаға 120-130 млн теңге инвестиция салынса, толық жүзеге асыру үшін тағы 600-700 млн теңге көлемінде қаражат қажет. Бұл – ірі көлемдегі қаржы болғанымен, қайтарымы мен әлеуеті жоғары бастама. Жоба аясында табиғи өнім өндіру де қолға алынбақ: қымыз, май, құрт, сүт пен ет өнімдерін ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бағамен ұсыну жоспарлануда. Бұл бағыт та Президент Жолдауында айтылған – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалармен қабысады.

Ауылдағы тағы бір жағымды жаңалық – Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Талғат Көпжасаровтың бастамасы. Ол 2025-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, құс шаруашылығын дамытуды қолға алған. Алғашында 1 млн 476 800 теңге көлеміндегі мемлекеттік грант арқылы 150 тауық сатып алып, кәсібін бастаған Талғат бүгінде жұмыртқа мен құс етін ауыл дүкендеріне өткізіп, отбасын асырап отыр.

Бұл – Президент Жолдауындағы тағы бір маңызды бағыт – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды қолдау мен халықтың табысын арттыру жолындағы нақты іске айналған мысал. Өткен жылы Түлкібас ауданында 83 азаматқа осындай мемлекеттік грант берілген болса, олардың ішінде 19-ы – мүмкіндігі шектеулі жандар болған. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ұстанған мемлекеттің нақты қолдауы. Ал 9 азаматтың құс шаруашылығын таңдауы – ауылдың өз жағдайына бейімделген табысты кәсіп түрінің дамып келе жатқанын көрсетеді.

Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында: «Біз халықтың табысын арттыруды көздейтін нақты әрі сапалы өзгерістерге бастаймыз. Бұл үшін ең алдымен, еңбек адамына жағдай жасауымыз қажет», – деп атап өтті. Түлкібастағы кәсіпкерлік бастамалар – осы сөздердің өміршеңдігін дәлелдейді. Ауыл – елдің алтын діңгегі. Түлкібас ауданындағы бастамалар – Жолдаудағы басымдықтардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын үлгілердің бірі. Ең бастысы – халық өз елінде, өз ауылында еңбек етіп, лайықты табыс тауып, ел игілігіне үлес қосып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *