«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР» ЖЫЛЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 7 БАҒЫТ, 64 ҚАДАМНАН ТҰРАТЫН ӨҢІРЛІК ЖОСПАР БЕКІТІЛДІ
«Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілді. Жоспар 7 бағыт, 64 қадамнан тұрады. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БАҚ өкілдері үшін брифингте мәлімдеді.
Баспасөз жиынында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылатын жоспарлар таныстырылды. Спикерлерлер ретінде және Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов та сөз сөйледі.
Өндірістік және әлеуметтік салаларда жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады.
— Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу аясында салалық басқармалар, аудандық, қалалық әкімдіктер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірлескен жұмыстары жүзеге асырылады. Бірлесе жоспар құрылып, әлеуметтік бағдарламалар арқылы жұмысшыларға қолдау көрсетіледі. Өңірдің еңбек нарығына болашақтағы сұранысқа ие «Мамандықтар атласын» жасаймыз. Кәсіпорындарда-кәсіби бағдар, орта, ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен ашық есік күндері және «Бос орындар» жәрмеңкелері мен экскурсиялар ұйымдастырылады. «Mamandyk Fest» фестивалі, «Мамандықтар жәрмеңкесі»«Дублер күні» жобасы, «One School One Skill» (бір мектеп — бір дағды) жобасы, «Jas SkillsTurkistan», «Junior Skills Turkistan» кәсіби шеберлік конкурстары мен пәндік олимпиадалар қолға алынды. Жастардың арасында «Жұмысшының бір күні» аймақтық жұмысшы мамандықтар жәрмеңкесі,«Жұмысшы мамандығы – табысты болашақтың кілті» Форумы, «Мен кәсіпкермін!» облыстық конкурс, «НаурызFEST» , фестивалі, «Бизнесидея» байқауы, «Чемпиондар» және «Еңбек кубогы» спартакиадаларын т.б іс-шаралар жыл бойына өткізіледі,- деді басқарма басшысының орынбасары Айгүл Ерғалиқызы
Сонымен қатары ағымдағы жылы «Бір колледж — бір өнім» деп аталатын жоба енгізе отырып, 5 колледждің базасында цехтар ашып, кіші кәсіпорындарға айналдыру жұмысын жүргізуде. Білікті жұмысшы маман дайындаудың құралы болып саналатын дуалды оқыту қолға алынған. Бүгінгі таңда, 35 колледжде дуалдық оқыту жүйесімен 64 мамандық бойынша 654 орта және кіші кәсіпорынның қатысуымен 10 353 білім алушы қамтылған.
Инвесторлар мен кәсіпорындардың сұранысы негізінде жаңа мамандықтарды ашу бойынша жұмыстар жүргізіледі;
Мектептерде 10 бейіндік сыныптар және қосымша білім беру ұйымдарында техникалық клубтар ашылады;
«Серпін» бағдарламасымен Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарының колледждеріне 600 бала жіберіледі;
Колледждерге Ребрендинг жасау, яғни білім мекемелерінің имиджін жаңарту және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жүргізілмек.
Жалпы, облыста 50 колледж жұмыс жасайды (28 мемлекеттік, 22 жекеменшік), басым бөлігі көпсалалы колледждер. 30 колледжде жұмысшы мамандар даярланады, студенттер саны — 16 100. Алдағы 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған соның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9 500-ға ұлғаймақ.