Жадыра мен Динаның бағы жанған күн болды
Жақында Қазығұрт ауданында жұмыссыздарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде Қазығұрт ауданында жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде аймақтағы он алты мекемеден жиырмадан астам жұмыс орны ұсынылды. Жалпы, жәрмеңке аудан тұрғындарына, оның ішінде жұмыссыз жүргендерге, пробация қызметінің есебінде тұрғандар мен алимент төлеушілерге ұсынылды. Игі іс-шараға өңірдегі жұмыс беруші мекеме басшылары мен кадр мамандары, пробация бөлімінің қызметкерлері, сот орындаушылары атсалысты.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі туралы біз алдын-ала БАҚ-тарда, әлеуметтік желіде, «Мансап» орталығының ресми парақшасында хабарлама жасадық. Рас, қай салада болсын, өзінің ісін білетін мамандарға сұраныс басым ғой. Жәрмеңкеде жұмыссыздарға жұмысқа орналасу, мемлекеттік қолдау шараларына қатысу бағытында ақпараттар берілді. Жәрмеңке жұмыссыздардың еңбек әлеуетін іске асыруға көмектесуді көздейді, – дейді Қазығұрт аудандық «Мансап» орталығының басшысы Мақсұт Алпысов.
Іс-шара барысында Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында, «Күміс жас», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» бағдарламасы шеңберінде аталмыш орталықтың мамандары жұмыс іздеп жүрген аудан тұрғындарына кеңес берді.
Нәтижесінде, аталған жәрмеңкеде тұрақты және уақытша жұмыс орындарына он төрт азамат жолдама алды. Мәселен, Тұрбат ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Нәдіров «Оңтүстік Жарық» мекемесіне элек-тромонтер, қазығұрттық Жадыра Төлешова аудандағы жеке кәсіпкер Ш.Төлегенованың мекемесіне жұмысшы, ал, сарапханалық Дина Бектемісова Сарапханадағы «Зат» балабақшасына тәрбиеші болып тұрақты жұмысқа орналасты.
Жалпы өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік жағынан өсіп өркендеуіне қыз-келіншектердің де қосып жатқан үлесі орасан зор. Олар барлық салаларды жемісті еңбек етіп келеді. Жадыра мен Динаның да болашақта солардың қатарына қосылатынын сенім мол.