Майраның енді мүмкіндігі көп
Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік бағдарламалардың халыққа берері мол. Айталық, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Төлеби ауданына қарасты Леңгір қаласы мен ауылдық округтерде кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандар қатары толығып келеді. Қайтарымсыз грант алып кәсібін жүргізіп жатқан Леңгір қаласының тұрғыны Серікбаева Майра Әуезханқызы.
Көп балалы ана өткен жылдың 3 легінде 1 380 000 теңгенің грантын ұтып алып, қаржыға арнайы құрал-жабдықтар сатып алған. Мемлекеттің қолдауымен кәсіп иесі оқу орталығы, ҰБТ-ға дайындау және логопедия орталығын ашқан. Қазіргі таңда оқу орталықтың көрсеткішін керемет деп айтуға болады. Осы орталықтан білім алып, дайындықтан өткен оқушылардың басым бөлігі ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинаған және Қазақстанның жоғары оқу орындарына грантқа оқуға түскен.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы-елдегі жұмыссыздықтың төмендеуі мен халықтың әлеуметтік жағдайын арттырудың тиімді жолы болмақ.
Жалпы қазіргі таңда елімізде кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндік көп. Мемлекет қайтарымсыз грант негізінде және жеңілдетілген несие беру арқылы бизнес-идеямды жүзеге асырамын деген адамға барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы 6 мыңға жуық адам 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие алып, өз кәсіптерін бастаған. Ал, 9 мыңнан астам қазақстандық қайтарымсыз грант алыпты.
Мұндай қолдау биыл да жалғасады. Биыл 5,8 мың адамның несие алуына 29 млрд. теңге бөлініп, тағы 9 мың азамат қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарланған. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Ол үшін 13 млрд. теңге қарастырылған. Оған өтініш беру 8 сәуірден басталады. Алғашқы лекте 4500 адамға грант беру жоспарланып отыр. Бұл қаражат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады. Өтініш «Business.enbek.kz» порталы арқылы қабылданады. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізудің талап-тәртібі мен ереже-шарты қандай, соған тоқталайық.
Қайтарымсыз қаражатқа өтініш беру үшін порталда тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту керек. Сосын бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырып порталға енгізесіз. Одан кейін өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет. Егер интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаса, халыққа қызмет көрсету орталығы немесе мансап орталықтарының өзіне- өзі қызмет көрсету аймағына барсаңыз болады.
Айта кетейік, қайтарымсыз грант аламын деген адам жұмыссыз ретінде тіркелген болуы керек. Немесе кемі 3 жыл жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы шарт. Оған қоса, үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы міндетті:
* мүгедектігі бар адамдар;
* қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;
* өңіраралық қоныс аударушылар;
* аз қамтылған отбасы мүшелері;
* көп балалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
* мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
* асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сондай-ақ, үміткердің «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Қаржыны қажетті құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал, жануар, құстар сатып алуға, көшет, бұталарды, тұқымдарды сатып алу үшін, сондай-ақ, кәсібін жүргізуге арналған орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Бұл қаржы тұтынушылық мақсатқа, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй немесе жер учаскелерін алуға берілмейді.
Үміткерлердің өтінішін Еңбек мобильділігі орталықтарындағы арнайы комиссия қарап, саралайды. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Комиссия мүшелері бизнес-идеяның бәсекеге қабілетті болуы мен өміршеңдігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларына мән береді. Жаңа жұмыс орындарын құру да комиссия баса мән беретін жайлардың бірі. Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Егер грант беру мақұлданған болса, үміткер банк деректемелерін ұсынып, шартқа қол қояды. Содан кейін әр тоқсан сайын қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны жайлы есеп беріп отыруы тиіс.