Отбасы мемлекетіміздің құндылығы
Отбасы — шағын мемлекет. Отбасы берік, мықты болса, мемлекеттің де іргетасы мығым болады. Отбасы – жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя.
Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
Алайда бүгінгі таңда ерлі – зайыптылар арасындағы дау-жанжалдар, өзара келіспеушіліктер отбасын сақтап қала алмай, ажырасуға бел буған азамат, азаматшаларымыз қаншама. Ажырасу – шаңырақтың шайқалуына, толық емес отбасылардың көбеюіне алып келеді. Соның кесірінен қаншама бала ата-ана мейірімін көрмей ерте ер жетеді. Әке тәлімінен бір қағылса, күні-түні жұмысқа байланған анасына жете алмай балалар тағы жапа шегеді.
Отбасын құру – ойланып жасайтын қадам. Дана халқымыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтіні де сондықтан. Жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет.
Осы орайда арнайы дөңгелек үстел өткізіліп жиынға Шаян ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Тұрсынәлі Дүйсенбеков, әйелдер кеңесінің төрайымы Нағима Қырықбаева, Шаян ауылдық әжелер ұйымының төрайымы Мейрамкүл Ормаханова, Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету аудандық аумақтық орталығының әлеуметтік қызметкері Перизат Мүтәлі, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның психолог маманы Скакова Айнур, заңгер Смағұлова Мамыркүл, мен аудандық полиция бөлімінің инспектор мамандары қатысты.
Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кемсітушілік мәселелері, әйелдер мен балалардың құқығы туралы бірқатар пікірлер мен ұсыныстар тыңдалды, шешу жолдары талқыланды жиын соңында арнайы жадынамалар таратылды.
Айта кетейік, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің отбасыдан басталатынын және біздің қоғамымызда негізгі отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызы зор екеніне ерекше назар аударып келеді. Бүгінде елімізде Отбасы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтілуде.