Келес ауданында ауыз су мәселесі шешімін тауып келеді
Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалардың негізгі өзегі. Президент өз Жолдауларында ауыл инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, 2022 жылғы Жолдауында: «Ауыз су – әрбір азамат үшін ең басты қажеттілік. Бұл – Үкімет пен әкімдердің бірінші кезектегі міндеті» – деп атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында республика бойынша ауыз сумен қамту деңгейін көтеруге бағытталған нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның айқын бір мысалы – Түркістан облысы, Келес ауданында қолға алынған ірі жобалар.
Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл – 88,4 пайыздық көрсеткіш деген сөз. Алайда қалған 19 ауылда бұл мәселе әлі де күн тәртібінде. Қазіргі таңда аталған елді мекендердің 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақжол, Қауыншы Оңтүстік, Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Қосөткел, Жуантөбе, Жаңадәуір, Кеңдала, Ескіқорған, Құйған, Қияжол, Көгерту және Ақжар ауылдарында таза ауыз суға қолжетімділік мәселесі алдағы уақытта толық шешімін табады деп күтілуде.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бұл жұмыстарды жіті бақылап отыр. Аудандық жиын барысында ол жауапты мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыс сапасына, белгіленген мерзімге және халықтың үмітіне селқос қарауға болмайтынын ескертті.
— Таза ауыз су – бұл тұрғындардың ең басты қажеттілігінің бірі. Әрбір ауылдың ауыз сумен қамтылуы – күн тәртібінен түспейтін басты мәселе. Жұмыстың сапасы, мерзімі және тиімділігі нақты бақылауда болады, – дейді аудан әкімі.
Жаз мезгілінде Абай ауылындағы кейбір шағын аудандарда су тапшылығы байқалған болатын. Бұл жағдайға байланысты аудан әкімдігі жедел шешім қабылдап, ауыз суды арнайы көліктермен тасымалдау кестесін бекітті. Сонымен қатар, Абай ауылындағы 4 нүктедегі су тазарту модульдері жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылды. Бүгінде тұрғындар сол орындардан қауіпсіз әрі сапалы ауыз су тұтынып отыр.Ауыз су тапшылығын жүйелі шешу мақсатында аудан бойынша стратегиялық жоба қолға алынды. Бұл – «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» деп аталатын ауқымды бастама. Жобаны жобалау жұмыстарымен «МПК Проект» ЖШС айналысуда.Аталған жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар аумаққа сыйымдылығы 20 000 текше метр болатын ірі су қоймасы және Біртілек ауылдық округіндегі Көлтоған ауылында 1 гектар жерге 600 текше метрлік тағы бір су қоймасы салынбақ. Су көзі ретінде Өзбекстаннан келетін «Зах» каналы пайдаланылады. Осы канал арқылы тазарған магистралды су Абай ауылына және оған іргелес екі ауылдық округке жеткізіліп, жалпы саны 25 мыңнан астам тұрғын тәулік бойы үздіксіз ауыз сумен қамтылмақ.
Ауыз сумен қамту мәселесіне Үкімет те ерекше назар аударып отыр. 2024 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп, ауылдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бағдарламаларды жаңғырту жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдарға су, жол және жарық жүйелерін жеткізу үшін бюджеттен жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлініп келеді.
Парламенттің қолдауымен қабылданған заңнамалық өзгерістер де жергілікті әкімдіктердің тиімді жұмыс істеуіне жол ашты. Мысалы, ауыз су жүйелерін салуға бөлінетін қаржының игерілуін бақылау, экологиялық стандарттарға сәйкестік және техникалық қауіпсіздік – барлығы заңмен бекітілген. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ауыз су мәселесі – жергілікті әкімдік жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі саналадыАудан әкімдігі елдің талабына жедел жауап беріп, инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақытылы атқаруға күш салып отыр.
Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан ауыз су жобалары – тек инженерлік нысандар ғана емес, бұл – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік әділеттің нақты көрінісі.