Келесте инфрақұрылым дамып, әлеуметтік нысандар салынуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты басымдықтардың бірі – өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту, халық игілігіне бағытталған әлеуметтік нысандарды салу екендігін үнемі атап өтеді. Президент 2023 жылғы Жолдауында: «Білім беру, денсаулық сақтау және спорт нысандарын салу – мемлекет пен қоғамның басты міндеті. Әрбір өңірде жайлы өмір сүруге қажетті жағдай жасалуы тиіс», – деген болатын.
Осы бағытта Түркістан облысының Келес ауданында да қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тікелей бақылауымен әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, өңірдің келбеті өзгеруде. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыру. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жұмыс сапары барысында ең алдымен “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Аталған мектеп Келес ауданының орталығында бой көтеруде. Бұл – ел Президентінің бастамасымен қолға алынған ауқымды жобаның өңірлік деңгейде жүзеге асып жатқан нақты көрінісі. Мектеп құрылысы заманауи технологиялармен жабдықталған, қауіпсіздік талаптарына сай келетін, балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайтын білім ордасы болмақ. Аудан басшысы құрылыс барысын бақылау кезінде мердігер мекемеге жұмыс күшін көбейтіп, белгіленген мерзімді қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
— Әрбір салынып жатқан нысан – болашаққа жасалған инвестиция. Құрылыстың сапасы мен мерзімі – басты назарда болуы тиіс. Бұл – келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан игілікті іс, – дейді Жәнібек Ағыбаев. Келес ауданында “Жайлы мектеп” жобасы аясында үш мектептің құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл нысандар Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтерінде орналасқан. Барлық мектептің жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілуі жоспарланған.
Аудан басшысы сапар барысында Абай ауылында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс алаңына да барды. Ел Президенті өзінің бастамаларында жастарды салауатты өмір салтына баулудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Оның 2024 жылғы Жолдауында: «Жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау – бұл дені сау ұлт қалыптастырудың алғышарты», – деп атап көрсеткені – дәл осы нысанның өзектілігін айқындайды. Сонымен қатар Жәнібек Ағыбаев ауылдық жерде салынып жатқан мұражай мен Жас буынды дамыту орталығының құрылысымен де танысты. Бұл нысандар жас ұрпақтың тәрбиесі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Жастардың білім мен өнерге, спорт пен мәдениетке деген құлшынысын арттыруға арналған инфрақұрылым – болашақ ұлт болмысының іргетасы. Аудан халқының денсаулығын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылы Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында, Бірлесу ауылдық округінің 28-гвардия ауылында, Бірлік ауылдық округінің Бірлік ауылында және Ошақты ауылдық округінің Береке ауылында жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып, халық игілігіне берілді.Бұл нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді қолжетімді етіп, сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін инвестициялар – тікелей адами капиталға жасалатын қамқорлық. Ел Үкіметі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ауыл медицинасына ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекеттік “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында алдағы жылдары тағы да жаңа нысандар салынуы жоспарланған.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында: «Азаматтарға ең алдымен сапалы өмір сүру үшін жағдай жасауымыз керек. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту арқылы жүзеге асады», – деген болатын. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Келес ауданында барлық бағыттар қамтылып отыр.Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын орындау – тек міндет емес, бұл – ел дамуына қосылған шынайы үлес. Келес ауданындағы бүгінгі құрылыс – ертеңгі өркендеу кепілі.
