Өмірін өнерменен астастырған
Отбасы бақыты деген үлкен құндылық. Ол бір шаңырақ астында тұрып ғұмыр кешкен адамдардың ауызбіршілігі, ынтымағы, жарастығының бағасы болса керек. «Отан отбасынан басталады» демекші тәуелсіз еліміздің іргесі отбасылардан қалады. Ал мемлекет мықты болуы үшін сол отбасылардың санына емес, сапасына қарай нығая түседі. Әрине, отбасы мүшелері ата мен әжеден әке мен анадан, олардың балаларынан құралады. Мен тұратын отбасыда қасиетті қара шаңырағымыздың ұстыны, тірегі-ол біздің анамыз Өтеева Бибайша Бекмағанбетқызы. Дәлірек айтқанда жан жарымның анасы, қазақы дәстүрде менің енем.
Бірақ апамды анамдай құрмет тұтамын. Өйткені ол кісі сондай құрмет пен сыйлауға лайықты тұлға. Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт осы қасиетті де киелі шаңырақтың босағасын аттаппын. Сол уақыттан бері мен апамның тәрбиесінде келемін. Ұлдарымыз ер жетіп, қыздарымыз бой жетіп жатса да анамыз сол қадірменді күйінде. Ол 1932 жылы көршілес Өзбекстан Республикасы Әндіжан облысы Әсеке ауылында дүниеге келген. Сол жақта мектептің алғаш табалдырығын аттайды. Көрегенді анасының тәрбиесімен іс тігу, ісмерлік, қолөнершілік өнерді жастайынан бойына сіңіре жүріп ауылдың жас қолөнершісі атанады.
Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары ер азаматтар майданға кеткен, аналарымыз егіс басында, ал бүкіл ауылдың қартаң әжелері, жас қыз-келіншектері бір үйге жиналып жүн сабап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, майданға қолғап, көйлек, шұлық тоқып өз үлестерін қосады. Солардың ішінде он-он үш жастағы Бибайша анамызда бар еді. Одан 1946 жылы Ұлы Отан соғысынан кейін көршілес Бәйдібек ауданына көшіп келеді. Кейін атамызбен көңіл жарастырып осы шаңырақтың босаған анамыз өз анасынан үйренген қолөнерлік шеберлікті шебер меңгерген кісі. 1960 жылы Созақ ауданына қызмет барасында қоныс аударады. Қолы алтын, қайшы мен иненің жатығын жатыстыра, қарымын қабыстыра отырып талай көздің жауын алар дүниелерді өмірге әкелді. Ерен еңбегі бағаланып ауданның, облыстың аумағынан асып республика деңгейінде анамыздың жауһар дүниелері үлкен сұраныстарға ие болған кезі де болған.
1960-1992 жылдары Созақ аудандық тұтынушылар одағында сауда саласында отыз жылдан астам қажырлы еңбек етеді. Өмірге он ұл, қыз әкеледі. Анамыз мен келін болып түскен күннен бастап өзінің қызындай қамқор бола білді. Қанша дегенімен өзіңнің үйің емес. Өзге ауыл, өзге шаңырақ, өзге тәрбие болды.
Менің білмеген істерім болса қасыма жәймен келіп «қызым, мынаны былай істесең тіпті жақсы болар еді», «кел екеуміз мынаны былай жасайық», «мына істеген тамағың жүдә керемет дәмді болыпты» деп қашанда қолдау жасап отырды.
Ене мен келін сыйластығы деген бір отбасыға ауадай қажет дүние екенін мен осы шаңыраққа келгенде ұғындым.
Апам сияқты қолөнершілік өнерді аса меңгеріп тастадым деп айта алмаймын. Бірақ әйел болған соң ине, жіп ұстай білмеу ұят екенін білдім. Әрбір ана өзінің отбасында күйеуінің, балаларының онысы, мұнысын тігіп бере алмаса одан асқан қасірет болмас. Мені анам осыған үйретті. Әрине, бәрі керемет, бәрі бірденнен бола салды дей алмаймын. Оғанда үлкен сабырлық, шыдамдылық, ыждағаттылық керек екенін жастарға құлаққағыс етер едім.
Анамыз өзінің қолынан шыққан қолөнерлік бұйымдарын берісі Шымкент қаласына дейін, арысы Алматы қаласына дейін халық жетістіктері көрмесіне апарды. Анамыздың заттары бүгінгі таңда шет елдерде жүрсе таң қалмас едім.
Қолөнер шебері болу оңай емес. Ол үлкен жауапкершілік пен сабырлылықты, терең білімді қажет етеді. Әрбір қолынан шыққан дүниелерді ғылыми түрде талдай білуі керек. Оның жібі, бояуы, салған өрнектері мен оюларының геометриялық сипаты дегендей тоқылып, өріліп шыққан дүниенің өзін кемінде бір сағат әңгімелеуге болады.
Құдайға шүкір өзімізден гөрі балаларымыз, яғни, қыздарымыз әжелері сияқты бейімдеу болды.
Анам «балалар, оның ішінде қыздар ертең барған жерлерінде қор болмайды. Мұны меңгерген кісі аш қалмайды. Барған жерінде сыйлы болады. Өз нанын өзі тауып жейді», бізге де аналарымыз сондай мақсатта үйреткен. Шынында барған, жүрген жерімізде сыйлы болдық. Адам баласына жеті өнер де аз. Оны білген біле түссем, үйренген үстіне үйрене түссем» деген биік мақсат болуы керек.
Сонымен қатар, анамыз отбасының жылуы, балаларымыздың сүйікті әжесі. Мүмкін әдемі қартаю дегеніміз осы болар. Анамыз бұл күнде тоғыз ұл-қыздарынан 25 немере, 23 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Мен енеммен мақтана аламын. Бүгінгі таңда тоқсанның үстіне шыққан анамыз. Әлі де қол қусырып қарап отырған жоқ. Білген дүниесін немере, шөберелеріне үйретуде. «Барында оралыңның ойна да күл» демекші, анамызды көзі тірісінде құрметтеу, сыйлау менің басты парызым. Отбасында балаларымызда ең бірінші кезекте жолдасым мен менен өнеге алатыны ақиқат. Сол себепті отбасылық құндылықтың тізгінін ұстаған анамыздың дені сау, өмірі ұзақ болсын!
Дамира Тиындықова,
келіні