«Келешек мектептері» жобасы аясында Түркістан қаласында екі мектеп пайдалануға берілді
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан ауқымды әрі стратегиялық бастама. Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын арттыру, оқушы орын тапшылығын жою және заманауи мектептер салу мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Осы тапсырма аясында соңғы алты жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1000-нан аса жаңа мектеп бой көтерді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Ұлттық жобаның басты мақсаты – елдің кез келген өңірінде, қала мен ауылда, әлеуметтік жағдайына қарамастан, әр балаға сапалы білімге тең қолжетімділік беру.
Ұлттық жоба аясындағы игілікті істер Түркістан қаласында да қарқынды жүзеге асуда. 2025 жылы «Келешек мектептері» жобасы аясында Түркістан қаласында 1200 және 2000 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім ошақтары орын тапшылығын азайтып, үш ауысымды оқытуды толықтай жоюға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты 4 мектепке күрделі жөндеу, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қала аумағында апатты жағдайдағы мектептер жоқ.
«Келешек мектептері» бірыңғай ұлттық стандарт негізінде салынып жатыр. Бұл – тек жаңа ғимараттар емес, білім беру кеңістігінің түбегейлі жаңаруы. Заманауи пәндік кабинеттер, кең әрі жарық сыныптар, зертханалар, спорт залдары, кітапханалар, қауіпсіздік жүйелері толықтай қарастырылған.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын теңестіру. Соңғы төрт жылда елімізде 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі бірдей болуы тиіс.
Түркістан қаласында білім саласы қарқынды дамып келеді. 2024–2025 оқу жылында қала мектептерінің 178 түлегі «Алтын белгіге», 250 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. 9-сыныпты бітірген 350 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
11-сыныпты аяқтаған 3 063 оқушының 2 468-і ҰБТ-ға қатысып, олардың 53,1 пайызы мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Сонымен қатар, өткен оқу жылында 108 оқушы облыстық, 9 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрінді. Ал, 2025–2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығында өткен олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында 76 оқушы жүлдегер атанды.
Биылдан бастап қала мектептерінде үйірме ретінде «Яссауитану» пәні оқытыла бастады. Қаладағы 38 мемлекеттік мектеп 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етілген, білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары толық орнатылған. Оқушыларды оқулықтармен қамту мақсатында 124 949 дана кітап таратылды. Қала бойынша 17 481 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар, педагогикалық кадрлық резервтің үшінші кезеңіне 11 мұғалім қабылданып, 1 педагог мектеп директоры қызметіне тағайындалды.
Бүгінде Түркістан қаласында 249 білім беру мекемесі жұмыс істеуде. Оның ішінде 86 мектеп, 152 мектепке дейінгі ұйым және 6 мектептен тыс мекеме бар. Жалпы білім беретін мектептерде 60 мыңға жуық оқушы білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 17 776 бала тәрбиеленуде. Ал, мектептен тыс мекемелерде 3 429 бала түрлі үйірмелерге қатысады. Қаладағы білім беру ұйымдарында жалпы саны 5 606 ұстаз еңбек етеді.
Ұлт болашағы – білімді ұрпақ екені белгілі. Осы орайда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Түркістан қаласының ғана емес, тұтас елдің ертеңіне салынған берік негіз деуге толық негіз бар.
