Карамат апайдың гүлдері керемет!
Созақ ауданына қарасты Созақ ауылының тұрғыны Карамат Смайлованың гүлдері көздің жауын алады. Олардың ішінде астра, хризантема, раушан, райхан секілді гүлдің ондаған түрі бар. Гүлдердің көптігі соншалық, аттарын бірден жаттай алмайсыз. Карамат апайға гүл отырғызып, тал егу таңсық дүние емес. Ол жастайынан бау-бақшаның ішінде жүріп, жерді күтіп-баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Гүл өсіру – оның қашаннан сүйікті ісі.
– Көптеген жылдар бойы көп қабатты үйде тұрдым. 25 жыл тігінші болып жұмыс істедім. Осыдан 7 жыл бұрын Созақ ауылына көшіп келдік. Үлкен үй алдық. Содан бала кезімнен хоббиіме айналған гүл өсіру ісін қолға алдым. Кей гүлдердің ұрығын Ташкенттен әкелдім, – дейді ол.
Оның осы іске ерекше ден қоя бастағанына 4 жылдай болыпты. Күнде бір мезгіл уақытын ауладағы гүлдерге арнайды. Кейбіреулер гүлді өсіруге тек су құйса болды деп ойлайды. Бұл – түбірімен қате пікір. Гүл ерекше күтімді қажет етеді. Ауламдағы гүлдердің әрқайсысы әр мезгілде ашылады. Мәселен, хризантемалар енді ашылып жатыр. Бұл қазан, қараша айына дейін гүлдеп тұрады. Қыста құтыға отырғызып үйге кіргіземін. Бұл жұмыстардан мен шаршамаймын. Керісінше рахаттанамын. Өсірген гүлдерімді сатып пайда табайын деген ойым жоқ. Құрбыларыма, көршілеріме, жалпы гүлді жақсы көретін жандарға сыйлаймын. Осылайша гүл сыйлау арқылы сыйластығымызды арттырамыз, – дейді ол.
Бүгінде Карамат Шәкірқызының ауласындағы жайқалып тұрған гүлдерді көруге бола арнайы келетіндер көп. Тіпті, суретке түсіп, желіге жүктеу үшін де ауыл жастары жиі есік қағып тұратын көрінеді. Сондай-ақ, туған күн мен той-жиынға сұрап келушілер де аз емес. Осылайша, өзі тұрып жатқан ауласын гүлзар баққа айналдырып отырған оның бұл әрекеті көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.