Президент тапсырмасы: Шаруаларға жылдық 5 пайызбен 12 айға дейін несие ұсынылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ел экономикасын нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде тұрақты түрде атап өтіп келеді. Президент тапсырмаларын іске асыру мақсатында өңірлерде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған нақты жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі – Келес ауданында өткен кәсіпкерлермен кездесу. Жиын кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуге Түркістан облысының «Ырыс» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев қатысып, аудан тұрғындарына қолжетімді қаржыландыру бағдарламаларының талаптарын таныстырды. Жиын барысында «Ырыс» МҚҰ арқылы жүзеге асырылып жатқан несие бағдарламалары туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Атап айтқанда, кәсіпкерлерге жылдық 5–15 пайыз мөлшерлемемен 84 айға дейін несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар, несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеу кезінде айыппұл санкциялары қолданылмайтыны айтылды.
Жиында көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала» бағдарламасының шарттары да түсіндірілді. Бағдарлама аясында шаруаларға жылдық 5 пайызбен 12 айға дейін несие ұсынылады. Негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу мерзімі несие мерзімінің соңына жоспарланған.
Сонымен бірге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер кеңінен баяндалды. Бұл бағдарлама шеңберінде өсімдік және мал шаруашылығын дамытуға, отбасылық бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын ашуға, мал басын көбейтуге, құс және балық шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтауға, сондай-ақ өндіріс, өңдеу және қызмет көрсету салаларында жеке кәсіп ашуға жеңілдетілген несие мен лизинг қарастырылған.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, несие мерзімі 60 айға дейін, жылдық номиналды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Негізгі қарыз бойынша 12 айға дейін жеңілдік кезеңі беріледі. Қаржыландыру көлемі кооперативтер үшін 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы мен қажетті жабдықтарды лизингке алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан кепілмен қамтамасыз ету, құжаттарды рәсімдеу тәртібі және қаржыландыру мерзіміне қатысты сауалдар қойылып, сала мамандары тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Жалпы мұндай кездесулер ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттану деңгейін арттырып, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын арттыруға жол ашады.
