Президент тапсырмасы: Сарыағашта көпбейінді аурухана салынуда
Медицина – адам өмірімен тікелей байланысты, қоғамның әл-ауқатын айқындайтын ең маңызды салалардың бірі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ақордада медицина қызметкерлерімен кездескенінде ақ халатты абзал жандардың ел үшін атқарып жүрген өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталып, қазақ дәрігерлері қай кезеңде де халық мүддесін бәрінен биік қойғанын атап өткен болатын.
Президент өз сөзінде еліміздің денсаулық сақтау саласында бүгінде 380 мыңға жуық маман еңбек ететінін, әрбір қызметкердің үлесі орасан зор екенін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы соңғы жылдары ұлттық медицина саласының қарқынды дамып келе жатқанын да атап өтті. Нақты нәтижелер де жоқ емес. Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетіп, ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды. Соңғы бес жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтеріп, көптеген жаңа емханалар мен ауруханалар ел игілігіне берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын Президент ерекше атап өтті.
Ұлт саулығын жақсартудың негізі алғашқы медициналық көмектен басталатынын айтқан Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бүгінде 469 медициналық ғимарат салынса, жыл соңына дейін тағы 186 нысан пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, аудандық ауруханалар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуда.
Осындай мемлекеттік саясат аясында Түркістан облысында да денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі ретінде Сарыағаш қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухананы айтуға болады.
Жуырда Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған нысанның құрылыс барысымен арнайы танысып, құрылыс алаңында болды. Аймақ басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажеттігін айтты. Аурухананы белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты сала басшыларына мердігермен тығыз әрі үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.
Қазіргі таңда құрылыс нысанындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Алаңда 15 жұмысшы еңбек етіп, 7 арнайы техника жұмылдырылған. Жобаның тапсырыс берушісі – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы», ал құрылыс жұмыстарын жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме – «ASPAN HOLDINGS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жаңа медициналық нысан бірнеше блоктан тұрады. Әр блокта тұрғындарға медициналық көмектің әртүрлі бағыттары бойынша қызмет көрсетілетін болады. Заманауи талаптарға сай салынатын көпбейінді аурухана тәулігіне 600-ге дейін науқасты қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына жол ашады.
Аталған аурухананың пайдалануға берілуі Сарыағаш қаласы мен аудан тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Жаңа нысанның медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, халықтың денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, денсаулық сақтау саласын дамыту – үздіксіз процесс. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар Сарыағаш өңірінде де өз нәтижесін беріп, халық игілігіне қызмет ететін жаңа нысандармен толыға беретініне сенім мол.
